Саран техникалық колледждің студенттері үстел теннисінен өткен облыстық жарыста жақсы нәтижеге қол жеткізіп, олжалы болды.
Таяуда «Ұлттық студенттер лигасы» аясында 2-дивизион колледж студенттері арасында Қарағанды тау-кен индустриалды колледжінде үстел теннисінен облыстық жарыс өтті. Оған жан-жақтан колледж студенттері келіп, жалпы 19 команда бағын сынаған. Спорттық шеберлікті жетілдіруге, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихиттауға бағытталған спорттық шараға қаламыздың белді оқу орындарының бірі – Саран техникалық колледждің студенттері де қатысып, белсенділіктерін көрсеткен.
«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен спартакиданың өзі үш күнге созылып, екі дивизионға бөлінген. Әр дивизион бойынша мықты командалар анықталып, жүлделі орындарды иеленген.
Елуден аса студенттер арасында Саран жастары да осал емес екендіктерін ойын барысында көрсете білді. Ұл-қыздарымыз да жеңіске жетуге бар күш-жігерін салып, қарсыластарына жеңісті оңайлықпен бермеген.
Облыстық жарыстың қорытындысы бойынша ұлдар арасында: 1-орынды «Қарағанды тау-кен индустриалды колледж» командасы алса, 2-орынды «Саран техникалық колледж» командасы өз қанжығасына байлады. Ал «Қарағанды көлік-технологиялық колледж» командасы 3-орынға жайғасты.
Қыздар арасында өткен бәйгеде «Қарағанды технология және сервис колледж» командасы суырылып алға шықса, «Қарағанды кәсіптік техникалық колледж» командасы 2-орыннан көрінді. Жүлделі 3-орынды «Саран техникалық колледж» командасы иеленді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА