9 қаңтар күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова жұмыс сапарымен Саран қаласына келді. Оның аясында депутат ерекше балаларға арналған түзету кабинеттердің ішін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.
Халық қалаулысы қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеевпен бірге бірінші болып «УНИКУМ» ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету кабинетіне барды. Онда ерекше балалардың жағдайы қаншалықты ескерілетіндігі, олармен қандай жұмыстар атқарылатындығы талқыланды. Бүгінде 2023 жылы 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күнінде ашылған түзету кабинетінде жүзге жуық балаға көмек көрсетілген. Олармен логопед-дефектолог, балалар психологы мен сенсорлық даму терапевті жұмыс істейді.
Сондай-ақ, 2023 жылы Ата Заң күніне орай №9 мектеп-интернатының сол жақ бөлігінен жеке ашылған Қарағанды облысының білім басқармасының «№8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де назардан тыс қалмады. Мәжіліс депутаты педагогтермен тілдесе отырып, осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар легімен танысты. Онда бір жарым жыл ішінде 72 балаға тегін мемлекеттік көмек көрсетілген. Мамандар психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның нұсқаулығымен келген әр баланы аптасына 2-3 реттен алдын ала белгілеген сабақ кестесіне сай қабылдайды. Кабинеттердің іші де жарық, әрі жайлы. Ерекше балалардың дамуына қолайлы жағдай барынша жасалған.
Мәжіліс депутаты қос түзету кабинетті аралап қана қоймай, онда кездестірген ата-аналармен де тілдесті. Аналардың көбі педагогтерге деген алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізген. Динара Наумованың өзі де №8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде ашылғаннан бері жүргізіліп келе жатқан тілектер кітабына жылы лебізін қалдырды.
Сонымен қатар, іс-сапар барысында инклюзивті білім беруге, ерекше балалардың жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА