Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Елімізде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қазақ күресінен және самбодан біріншілік өтуде. Оның аясында таяуда Саран қаласының 44803 әскери бөлімінің қызметкерлері арасынан ең мықты палуандар анықталды.

7 ақпан күні қалалық мәдениет үйінде ҚР Қарулы күштері, Әуе қорғаныс күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің XXII спартакиада бағдарламасы шеңберінде қазақ күресінен чемпионаттың бірінші кезеңі өтті.

Спорттық шарада қалалық спорт орталығының басшысы, әрі жарыстың бас төрешісі болған Дидар Нықаш пен 44803 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Шахрух Назаров сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Бірінші бізде 44803 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері арасында іріктеу болады. Одан кейін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде, кейінгі деңгей Әуе қорғаныс күштерінде, ал одан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде өтеді, - деді аға лейтенант Шахрух Назаров.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген спорттық шараға барлығы сақадай сай дайындалған. Биыл 30-дан аса палуан бес салмақ дәрежесінде бағын сынап көрген.

- Жарыстың өзі тартысты өтіп жатыр. Қатысқаныма өте қуаныштымын, - деп пікірін білдірді 44803 әскери бөлімінде жеке радиотехникалық батальонның байланыс және автоматтандырылған басқару жүйесі бөлімшенің бастығы, аға лейтенант Ақжол Әбдіқадыр.

Сондай-ақ, жарысқа жыл сайын қатысып тұруға тырысатын, бағын сынап, тәуекел еткен азаматтардың бірі – 44803 әскери бөлімінде байланыс торабы бастығының кезекші көмекшісі Берік Беркебаев. Оның айтуы бойынша, биыл спорттық дода жақсы деңгейде өтті.

Жекпе-жек барысында боз кілемге шыққан әр палуан өзінің әдіс-тәсілдерімен ерекшелене түскен.  Ешқайсысы жеңісті оңайлықпен бермеген.  Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА