«Таза Қазақстан» кең ауқымды экологиялық акциясы аясында қаламызда күн сайын автомобиль жолдары мен скверлер қардан тазартылады және шығару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жылдың қай мезгілін алсақ та, өзінің көркемділігімен тартымды. Он екі айда құбылып тұратын ауа райының сырлы мінезі кейде таңқалдырып, кейде шуақты күндерімен қуантады. Алайда қоршаған ортаны таза ұстауға, орталықтар мен көшелердің сырт-келбетін жақсы күйінде сақтап қалуға біраз маңдай тер төгіледі. Осы орайда «Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің атқарар рөлі ерекше.
Бізге берген мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда қала ақ кілемге оранған сәттен бері шамамен 75 390 м3 қар мен 31 150 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған.
- 3-9 ақпан аралығында қала бойынша 14 265 м3 қар және 7730 тонна ҚТҚ шығарылды. Сондай-ақ, күнделікті негізде «Владимирович» және «Леликов» ЖК қызмет көрсетушілері қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарады. Осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады, - деді «Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Айдын Мұқтар.
Одан бөлек, пәтер иелерінің кооперативтері және мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары үй маңындағы аумақты таза ұстап қана қоймай, қарды тазарту және шығару жұмыстарын да жүргізіп келеді. Қала тұрғындары мен еріктілері де «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, өз үлестерін қосып, игі шараларға атсалысуда.
Айдын Амангелдіұлының айтуы бойынша, қазіргі таңда Саран қаласы бойынша 2025 жылға арналған аула аумақтарын күтіп-ұстауға арналған конкурстық рәсімдердің құжаттамасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қаланың инфрақұрылымын жақсарту және қозғалыс үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ете отырып, жолдар мен аумақтар тұрақты түрде қардан тазартылып тұрмақ.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА