Бүгін Мұсабеков Алданыш Адамжанұлының туған күні. Егер де тал бесіктен жер бесікке ерте кетіп қалмағанда 48 жасқа толар еді…
Көпшіліктің жадында «Кең пейілді, ақкөңіл азамат» ретінде қалған Алданыш Адамжанұлы 1977 жылы 12 ақпан күні Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Восток (қазіргі Тоқтар Әубәкіров атындағы) кеңшарында дүниеге келген. Жастайынан зерек болды.
- Алданыштың анасы домбыра сыныбының мұғалімі, домбырадан 40 жылдан артық сабақ берген. Баламыз анасының соңынан еріп 5 жасында мектепке барды. Неге десеңіз? Мамасы ерте жұмысқа кетеді де, ол артынан қалмай, еріп барады. Содан мектептің директоры Сағындық Батқұлдин бір күндері айтыпты: «Болса да күнде осында жүреді. Одан да бір жола осында оқи берсін»,- деп. Содан өзінен бір жылға үлкен балалармен бірге мектепке барды. Сөйтіп, Бесоба ауылындағы №8 жалпы білім беретін мектепте сауатын ашады. Сабақты өте жақсы оқыды. Таза бес еді, - деп Адамжан Рахымберліұлы жалғыз тұяғы, сүйініші мен жұбанышы болған баласының балалық шағымен бөлісті.
Алданыш Адамжанұлы 1993 жылдан бастап «Бесоба» кеңшарында клуб меңгерушісі болып өзінің еңбек жолын бастаған. Кейін отбасымен бірге 1994 жылы Саранға көшкен. «Жігер» шаруа қожалығына жұмыс істеп жүргенде әскерге шақырту келіп, Отан алдындағы борышын Балқаш қаласындағы «Тоқрау» станциясында өтеді. Әскерден келген соң Саран гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түскен. 1999 жылы сүйікті жары Гаухар Какеноваға үйленіп, бір үйдің отағасы атанды. Кейін 2002 жылдан 2006 жылға дейін 44803 әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етсе, 2007 жылы Абай ауданының мәдени-демалыс орталығында директордың орынбасары, 2009 жылы Саран қаласының мәдениет үйінде «Жас отау» ұлттық мәдени орталықтың жетекшісі, 2014 жылдан 2024 жылға дейін қалалық «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында қосымша білім беру педагогі және 2024 жылдан бастап Саран қаласының мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы болды.
- Алданышым, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін де қызылға бітірген. Тойға шығып, екі тілде той жүргізген. Өзі тіл жанашыры, бос уақытында өлең шығаратын өнері де бар. Өнер жолына да қосқан үлесі аз емес. Жетістіктері көп енді. Оның басым бөлігі жайдарманмен байланысты болған,- деп сөзін толықтырды Адамжан Мұсабеков.
Тұғыры биік, нар тұлға, кісілік пен кішіліктің тізгінін тең ұстаған Алданыш Адамжанұлының «Көңілді тапқырлар алаңы», «КВН», «Жайдарман» бағытында атқарған еңбегі елеулі. Өзінің бір жазбасында: «Жайдарман... КВН... бәз біреулер үшін жай ғана ойын, әзіл, қалжың болып көрінер. Дегенмен, бұл болашақ қазақ елінің нағыз патриоттарын, керек десеңіз элитасын қалыптастыратын орта!»,-деген. Ол жайдарман арқылы талай жастардың бағын ашып, әзіл әлемінің қыр-сырымен таныстырған. Өмірдің ыстығы мен суығына бірге төтеп беріп, бірге болашаққа жоспар құрған асыл жары Гаухар Какенованың айтуы бойынша, жастарды әрдайым жігерлендіріп, алға тартып отырған.
- Отағасының орындалмай кеткен арманы көп еді. Әттең, орны ойсырап қалды. Бүкіл елдің тойын жүргізіп, өз балаларының тойын көрмей кетті... Ұлымыздың әр жетістігіне қуанып жүретін. Өзіне айтпауы бар, бірақ әрдайым «Менің ұлым» деп мақтан тұтатын. Қызымызға да ерекше әкелік мейірімін төгіп тұратын. Оның көп сөзі әзілмен аралас келетін. Алайда адамға ешқашан кек сақтамайтын. Үлкенге де, кішіге де құрметі бөлек. Жайдарман ойнағанда да жастарды жігерлендіріп, өзі де жалындап тұратын. Көбі біле бермейді, оның дәл осы сәтте тұрып, айналасында болып жатқан дүниелерге болсын, адамға қарап тұрып та сол жерде төрт жолды шумақ шығарып тастайтын суырып салма өнері де бар болған, - деді Алданыш Адамжанұлының жары Гаухар Какенова.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, жаны жомарт, пейілі кең адамның еңбегі қашанда сыйлы. Жан-жағына тек қуаныш, шаттық сыйлап қана қоймай, қолынан келіп тұрған көмекті ешқашан аянып қалмаған Алданыш Адамжанұлының іскерлік қасиеті, адамгершілігі бір төбе еді. Қазақтың қанына сіңген жомарттық мінез бойынан табылатын. Ол әркез игілікті жұмыстардың басы-қасынан көрініп, халықпен бірге болатын. Жұмысы мен шығармашылығын қоса алып, жаңашылдықтан қорықпай, керісінше байқауларға қатысып, әркез шығармашылық ізденесте жүретін. Өңір-өңірлерді аралап «Өнер қырандары», «Назар аудар» теартларымен бірге бір сахнада өнер көрсеткен. Бірқатар телеарналарға шақырту алып, талай жобаларға қатысқан. Өнерге жақын болғаны соншалық домбыра мен гитараның да құлағында шебер ойнаған. «Әр қазағым жалғызым»,- деп жора-жолдастарының әр жеткен жетістіктеріне бірге қуана білетін адал дос еді.
Туған жері үшін ешқашан аянып қалмаған осындай жаны жайсаң, жан-жағына нұрын шашқан абзал азаматтың жарқын бейнесі ел есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА