Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

7 ақпан күні қалалық мәдениет үйінің конференц-залында қала әкімінің орынбасары С.Бейскеевтің төрағалығымен, Саран қаласы прокурорының орынбасары Алмаз Бекмағамбетовтің қатысуымен қылмыстық жазалар мен қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі Саран қаласы әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті.

Осы жолы күн тәртібінде Саран қаласы азаматтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін 2025 жылға арналған жұмыс орындарының квотасын белгілеу туралы, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеуге, оңалтуға, жұмысқа орналастыруға және күнделікті өміріне жәрдемдесу жөніндегі органдардың жұмысы туралы, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға және өздеріне қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және пробация қызметінде есепте тұрған, бейресми жұмыс істейтін адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі жұмыстың тиімділігі туралы мәселелер  қызу талқыға салынды. Бас-аяғы 4 сұрақ қаралды.

Бүгінгі таңда Саран қаласының полиция бөлімінде «Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған» санаты бойынша есепте тұрған 13 адамның барлығында тұрақты жұмыс орны бар. Сондай-ақ, қалалық пробация бөлімі халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, Саран қаласының ішкі істер бөлімінде есепте тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру бойынша жыл сайын акциялар өткізіліп тұрады.  Отырыста «Сен жалғыз емессің!» («Ты не один») ақпараттық акцияны биыл  да жалғастыру керектігі қозғалды. Әрі жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.

Отырыс соңында қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев көтерілген мәселелерді нақтылап, пысықтап, жауапты тұлғаларға тиісінше бірқатар тапсырмалар берді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА