12 ақпан күні жақсы ісімен, жайдары мінезімен, еткен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленген Мұсабеков Алданыш Адамжанұлының туған күніне орай «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында абзал азамат атындағы «Достық» кубогіне арналған «Жайдарман» ойыны өтті.
Әзіл-ысқаққа толы ойында сегіз команда өнер көрсетті. Әр команда Саран қаласының «Жайдарман» лигасының жетекшісі, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі, қалалық мәдениет үйінің директоры м.а. болған Алданыш Адамжанұлына қатысты есте қалған жарқын естеліктерімен бөлісті, ілтипатын жеткізді. Сол күні көрермендер бір күліп, бір көңілдері босап қалды.
- Алданыш Адамжанұлы бізге көп нәрсені үйретті. Сөз саптауды, ойлануды, сахна мәдениетін, өмір мәдениетін, дұрыс өмір сүруді, әрбір жерде өз-өзін ұстай білуімізді, ең бастысы – адам болуды үйретті, - деді «Саран» құрамасының капитаны Олжас Қазыбек.
Көрермендер қатарында Алданыш Адамжанұлын көзі тірісінде көрген туған-туыстары, жақын жора-жолдастары, ардақты сыныптастары, шәкірттері болды. Бұқар жырау, Қарағанды, жан-жақтан жиналған қауымның көптілігі соншалық залда ине шаншар жер болмады.
- «Таулардың биіктігі байқалмайды, жаныңда жүрсеңіз» дейді, Біржан салдардың, сал серілер Ақан серілердің ізін жалғастырып жүрген баламыз биіктерге шыңдап жетелеп жүрген екен, сүйреп жүрген екен, ішінен азаматтардың өнерін бағалап жүрген екен. Баламызға жасап жатқан осындай үлкен берекелі, үлкен кісілердің алдында жасап жатқан өнерлеріңіз үшін мың алғыс. Ұйымдастыруға атсалысқан қалалық әкімшілікке, мәслихатқа, қала әкімінің орынбасары С. Бейскеевке, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғ. Тохметоваға, мәдениет үйінің директоры Баян Абайұлына және барлық көмек қолын созған азаматтарға Алла разы болсын, көп рақмет, - деп ризашылығын білдірді Алданыш Адамжанұлының әкесі Адамжан Мұсабеков.
Келесі болып сөз алған «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ вице-президенті Жомарт Әбіштің айтуы бойынша: «Саран қаласында алғашқы өкілдікті сеніп тапсырғанымызда: «Осы сенімдеріңізді ақтаймын»,-деп бізді сендірген азамат еді және де өзі де сенді. Бүгін жайдарман да өтеді. Ертең жаңа күн басталады. Біреумен ұрысамыз, біреумен ренжісеміз, біреуді жылатамыз, біреуді жұбатамыз, біреуді қуантамыз, біреуді алдаймыз, біреуді арбаймыз. Дүние тірлік басталады. Осы дүние тірліктің ішінде мынау отырған халық бір күннен кейін Алданышты ұмытып кетпесе екен деп ойлаймын», - деп маңдай термен келген еңбектің зая кетпеуіне, Алданыш Адамжанұлы жасаған жақсылықтың көптің жүрегінде ұмыт болмауына сенім білдірді.
Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева, Мұсабеков Алданыш Адамжанұлының досы Тілеген Сериков, ардагер жайдарманшылар: Қантөре Бегім, Аңсаған Тоқсанбаев, Айбол Абдраш үшін де толғанысқа толы ойында төрелік ету оңайға соқпады. Бұл кеште Алданыш Адамжанұлының туған балдыздары: Дидар Какенова мен Асет Какенов ойы жүйрік, табан асты тапқыр, қалжыңы қалтасында жүретін жастардан құралған құрамаларды алғыс хатпен және арнайы осы ойынға тапсырыспен жасалған Алданыш Адамжанұлы атындағы кубогпен марапаттады.
Сахнада өнер көрсеткен «Медиа» құрамасы «Көрермен көзайымы» атанса, «Орталық» құрамасы 3-орынды, «Тьфә-тьфә» құрамасы 2-орынды, «Сатыбалдина 9» құрамасы 1-орынды алды. «Голливуд» құрамасына «Достық» кубогі табысталып, бас жүлдені иеленді.
Ал Алданыш Адамжанұлының жетекшілігімен құрылған «Саран» құрамасына жанұясы атынан ақшалай сый-сияпат көрсетілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА