Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда «Тілге бойлау» республикалық пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында «Қазақ тілі – ғажайып кемел тіл» атты облыстық семинар-практикум өтті.  Онда облыс бойынша жан-жақтан келген мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, әдіскерлері мен педагогтері, тәрбиешілері мектепке  дейінгі балалардың мемлекеттік тілді қаншалықты терең меңгергендігімен және жалпы тілді үйретуге бағытталған тиімді инновациялық әдіс-тәсілдерімен танысты.

Қыркүйек айынан бастап қолға алғынған «Тілге бойлау» жобасына Қарағанды облысы бойынша 25 бөбекжай кірген.  Соның ішінде Саран қаласынан «Сәуле» және «Березка» бөбекжайлары өз жұмысын сәтті атқарып келеді. Олай айтуымыздың себебі де бар. Аз уақыт ішінде, 4 ай бойы жасалған еңбектің жемісін ауқымды семинар-практикумда паш етіп, көпті қол жеткізген нәтижесімен таңқалдырып отыр.

14 ақпанда өткен семинар-практикумды ашып берген қалалық білім бөлімінің әдіскері Сәулеш Шаймұраттың айтуы бойынша, қыркүйек айынан бастап осы «Тілге бойлау» жобасы  аясында жоспарлар бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жалғасын тапқан.

- Бұл жерде жобаның ең бір ұтымды жағы  - бөбекжайлардағы педагогтері мен өзге ұлт өкілдері өздерінің ұйымдастырылған іс-әрекетте қазақ тілінің элементтерін, сөздерін сол тақырыпқа байланысты сөздік қорларын балалармен бірге дамытып, оқып әріқарай сөз, сөз тіркесі, сөйлем жасау арқылы бүгінгі күні қарапайым А1, А2 деңгейінде қызметкерлеріміз сөйлей алатын дәрежеге жетті. Енді сол нәтижені «Қазақ тілі – ғажайып кемел тіл» тақырыбындағы облыстық семинардан көретін боласыздар.  Бұл жоба әріқарай барлық бөбекжайларда жалғасын табатын болады, - деп атап өтті қалалық білім бөлімінің әдіскері Сәулеш Шаймұрат.

Шарада сөз сөйлеген Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Жайнагүл Жумабаева мен қалалық білім бөлімнің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлнара Баяндина барлық қатысушыларға сәттілік тілей отыра, жақсы танымдық орта қалыптасатынына сенім білдірді.

- Бұл бізде «Тілге бойлау»  бойынша облыстық деңгейде өтіп жатқан үшінші семинар. Яғни, біздің үшінші кездесуіміз. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Алда әлі талай кездесеміз. Жоспар бойынша қаншама семинарларымыз тұр,- дей келе Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Жайнагүл Жумабаева мамыр айында форум өткізу жоспарда барын атап өтті.

«Тілге бойлау» республикалық пилоттық жобасына қаламыздың бөбекжайлары белсенді түрде қолдауын көрсетіп келеді. Арнайы семинар-практикумға көрме ұйымдастырып ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыратын өз жұмыстарын ортаға салған.  Олардың қатарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жасалған көрнекіліктерін де ұсынған.  Ал бағдарламаның негізгі бөлігінде қонақтар «Ритмикалық жаттуғулар», «Нейрогимнастика жаттығулары арқылы тілдік ортаға ену»  тренингтерін, «Саңырауқұлақ астында» көрінісін, «Қызықты математика», «Ұлттық ойындар» ұйымдастырылған іс-әрекеттерін тамашалаған. Әрі «Әжемнен қалған асыл мұра» атты практикалық және «Дидактикалық құралдарды пайдалану» тақырыбындағы шеберлік сабақтарға, «Графикалық органайзерлер арқылы балалардың оқу сауаттылығын дамыту», «Балабақшада мемлекеттік тілді оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдер», «Нейроойындар арқылы қазақ тілін үйрену», «Соты технологиясы» шеберлік сыныптарына қатысты. «Құстұмсық, қосалқа» қазақ халқының ою-өрнектері мен «Қазақшаңыз қалай?» атты ата-аналармен жұмысты бағалаған. Осы шаралардың өзіндік бір ерекшелігі - онда өзге ұлт өкілдері педагогтері мен тәрбиешілері өз тәжірибесімен бөлісті.

- Біз бүгін балалармен бірге «Тілге бойлау» пилоттық жобасы аясында дене шынықтыру бойынша ұйымдастырылған іс-шараларды көрсетеміз. Бұл – өте жақсы жоба. Өйткені, балалар қазірден іс-қимыл сөздерін қазақ тілінде түсінеді, заттарды атайды. Мен негізі бұрыннан бері сабақтарымды екі тілде жүргізіп келемін. Себебі біздің бөбекжайда қазақ тілді және орыс тілді топтар бар.  Сабақтарымның жартысы қазақ тілінде өтеді. Ал бүгін бізде ұлттық ойындар болады. Балалармен «Секірмек» ойынын ойнаймыз. Бұл ойын ептілікті дамытады және ою-өрнектерді ажыратуға септігін тигізеді. Қазақ халқының ең сүйікті ойындарының бірі – асық ату болады.  Өзімнің авторлық «Тақия кию» ойынын да тамашалай аласыздар, - деді  «Сәуле» бөбекжайында дене шынықтыру нұсқаушысы болып жеті жылдан артық жұмыс істеп келе жатқан Виктория Корешкова.

Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен қалалық білім беру бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Оған педагогтер жақсы бағасын бәріп, мол мағлұмат, құнды тәжірибе алғандарын айтып отыр.

- «Тілге бойлау» жобасы үлкен жоба, өзекті жоба десек те болады. Мемлекеттік тілді насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында осындай үлкен іс-шара өткізіліп жатыр екен. Ұжымға үлкен алғыс айтамыз. Көрмелерден көріп отырғандарыңыздай көптеген құнды дүниелер жасалған. Оның бәрі күнделікті іс-әрекетте қолданатын педагогтерге, тәрбиешілерге таптырмас мұра десек болады. Іс-тәжірибесімен бөлісіп жатқан ұжымға үлкен алғысымызды айтамыз. Бүгін қоржынымызға мол пайдалы кеңес, пайдалы дүние алып кетеміз деген ойдамын, - деді Қарағанды қаласынан  келген «Алпамыс» бөбекжайының қазақ тілі маманы Диана Асауова.

- Мен өзім Осакаров ауданы, Молодежный кентінен келдім. Семинар-практикум өте жақсы басталды. Барлығы жинақы, салмақты, өз бабымен өтіп жатқаны ұнап жатыр. Қазақтың салт-дәстүрі жайлы да ақпарат берілуде. Біздің көңілімізден шығуда, - деп оң пікірін қалдырды «Айгөлек» бөбекжайының педагог-психологы Дана Молдабаева.

«Тілге бойлау» жобасы негізінде балаларды дамыту үшін олардың балабақшадағы күн тәртібіне сәйкес ұйымдастырылған іс-әрекеттердің барлығы тілді үйретуге бағытталған жан-жақты құрал болып табылады. Бүгінде осы бағытта қызу жұмыс жүргізілуде.  Бір қуантатыны, балалар тарапынан қызығушылықтың артуы. Алдағы уақытта да бөбекжайларымыз жемісті жетістіктерімен қуантатынына сенімдіміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА