Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

19 ақпан күні «Saran today» әлеуметтік инстаграм парақшасында қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевпен тікелей эфир өтті. Онда өткен оқу жылында қол жеткізген нәтижелер мен  ағымдағы жылға қойған жоспарлар баян етілді.

Саран қаласында бас-аяғы 22 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 18-і білім бөлімінің қарамағында болса, үшеуі жекеменшік мекеме. 

- Біздің білім беру саласындағы жұмысымыз оқу процесін барлығына қолжетімді және сапалы етуге бағытталған. Өткен жылы біз Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте жаңа спорт залының құрылысын аяқтадық, бұл білім алушыларымыздың спортпен және дене шынықтырумен толыққанды айналысуына жағдай жасауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мектеп ғимараты мен спорт залдың арасын біріктіру жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде,- деп атап өтті қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев.

Сондай-ақ, 2024 жылы 10 білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ: №17 мектеп-гимназиясында электрмен жабдықтау жүйесі, кабинеттер, акт залы мен ас блогы жөндеуден өтті. «Балғын» бөбекжайының шатырына және қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілді.  №6 жалпы білім беру мектебінде санитарлық тораптар мен пандустары қалпына келтірілді. №13 жалпы білім беретін мектебінің кіреберісі де назардан тыс қалмады. «Алёнушка» бөбекжайында жылу қазандықтары ауыстырылды, сонымен қатар «Колобок» бөбекжайының шатыры мен «Малыш» бөбекжайының жылу жүйесі жөнделді. Жас техниктер станциясында спорт залы, қасбеті және спорт залының шатыры күрделі жөндеуден өтті. «Достық үйі» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы дәліз жаңартылды.

Тікелей эфир барысында биыл 9 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып жатқандығы айтылды. Абай атындағы жалпы білім беретін  мектепте және №7 мектеп-интернатында шатырлары мен қасбеттеріне, №16 жалпы білім беретін мектептің жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары атқарылады.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаевтың айтуынша, білім беру мекемелерінің жөндеу жұмыстары мен инфрақұрылымын жақсарту – балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі мекемелерде кезекте тұрғандар саны айтарлықтай қысқарды. Қазір кезекте бір жастан бес жасқа дейінгі 607 бала тұр. Соңғы 3 жылда мемлекеттік тілде оқытатын топтардың көбеюінің оң үрдісі байқалған. Мемлекеттік тілде оқытатын 5 топ ашылған. 

- Бұл ретте біз тек инфрақұрылымды ғана емес, сонымен қатар барлық деңгейдегі білім сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Соңғы жылдары біз әрбір оқушының заманауи деңгейде білім алуы үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді Арман Болатұлы.

Бүгінгі таңда қала мектептерінде 127 кабинет интерактивті тақтамен және SMART панелімен жабдықталып, 8 интерактивті подиум орнатылған. Қаладағы барлық оқу орындары кең жолақты интернетке қосылған. Әрі жаңа үлгідегі химия, физика, биология кабинеттерімен толық жабдықталған.  Сонымен қатар, 2025 жылы мектептерге 8 интерактивті панель, 106 компьютер және қыздарға арналған жаңа технология кабинетін сатып алу жоспарлануда.

Одан бөлек Саран қаласының білім бөлімі әлеуметтік қолдауға,  мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік қолдау аясында барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру ұйымдастырылды.  Биыл балаларға саяжай лагерлеріне 54 жолдама алу жоспарланған.

Саран қаласының білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев ұстаздар мен оқушылардың  қол жеткізген жетістіктеріне тоқтала отырып: «Біз дұрыс жолда екенімізді атап өткім келеді және балаларымыздың оқуы мен дамуына жағдай жасау үшін, жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Барлық жетістіктер мұғалімдердің, оқушылардың және олардың ата-аналарының арқасында, алда бізді жаңа жетістіктер мен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдіміз», -деп сөзін қорытындылаған болатын.

Тікелей эфирдің соңында қала тұрғындары тарапынан мектепке дейінгі мекемелерге, баланы 1-сыныпқа қабылдау бойынша, сондай-ақ мектеп автобустарына қатысты сұрақтар қойылды.

Эфир барысында оқылған барлық сұрақтарға қалалық білім бөлімінің басшысы жауап беріп, толық ақпарат берді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА