Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сүйінші! Алматы қаласында робототехника бойынша өткен халықаралық Aзия жарысынан жерлестеріміз жүлдемен оралды.

20-23 ақпан аралығында  Алматы қаласында жоғары деңгейде «First Robotics Almaty Tech Cup 2025 – Central Asia FIRST Championship & Drone Racing»  робототехника бойынша халықаралық Aзия жарысы өтті. Оған  11 елден 230 команда қатысты. Олардың арасында Саран қаласынан шыққан «X-forsе» және «RoboStarSaran jr» командалары өз бағын сынап көрді.

- Біз Алматыда өткен халықаралық Азия жарыстарына квота ұтып алдық. Алайда бұл жарысқа өту жолымыз оңай болған жоқ. Теміртау қаласында өткен іріктеу турниріне көптеген мықты командалар жиналды, бәсекелестік керемет болды. Жарысқа негізінен «Мұрагер», НЗМ, ҚТЛ, Нұрмақов мектебінен және басқа да мамандандырылған мектептердің командалары қатысты. Дегенмен, автоматтандырылған сексеуіл егу арқылы Каспий теңізін құтқаруға бағытталған жобамыз қазылар алқасының назарын аударып, халықаралық аренаға шығуымызға мүмкіндік берді,- деді №17 мектеп-гимназияның информатика мен робототехника мұғалімі Асель Акшалакова.

Жарыста  «X-forsе» командасы түрлі роботтық миссиялар жарысқа түскен «FLL Challenge» түріне қатысып, Каспий теңізін құтқаруға арналған инновациялық жобасын ұсынған. Ал «RoboStarSaran jr» кіші командасы жарыстың «FLL Explore» түрінен бағын сынап, «Арал теңізін құтқару бойынша болашақ зертханасы» жобасын ұсыну арқылы өзекті мәселені көтере білді. Олардың жұмысы көзден таса қалмай, елеусіз қалмады.

- Алматыда өткен халықаралық Азия жарысында бәсеке бұдан да қыза түсті. Көптеген командалар қатысты, соның ішінде шетелдік қатысушылар да болды. Жарыс деңгейі керемет жоғары болды. Достарымыз «Мұрагер» мектебінің «Желтоқсан» командасы чемпион атанды. Олар біз үшін үлкен үлгі. Біз оларға әрқашан қолдау көрсетіп, көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамыз. Әрі бізге әрдайым көмектесіп  жүретін біздің директорымыз Максименко Никита Валерьевичке зор алғыс білдіреміз. Чемпион болмасақ та, біздің екі команда беделді номинацияларға ие болды. Оқушылармен мақтанамыз! Бұл керемет шытырман оқиға болды және біз өз нәтижемізді мақтан тұтамыз! Жаңа биіктерге жете берейік, - деп сөзін толықтырып кетті №17 мектеп-гимназияның информатика мен робототехника мұғалімі Асель Акшалакова.

Халықаралық Aзия жарысында «X-forsе» командасының мүшелері:  Орлов Владислав, Горбунов Данил, Карлин Никита, Когай Владимир,  Максименко Богдан,  Сембек Ақмарал,  Сагатова Ясина,  Саметова Айзат және Бородина Надежда «Механикалық инновация сыйлығы»  атты номинациясына ие болды.  Ал «RoboStarSaran jr» командасы болып ойнаған қаламыздың оқушылары:  Медянцев Алексей,  Каримов Тимур,  Евсеев Антон,  Верницкий Глеб «Ең жарқын тұсаукесер» жүлдесін жеңіп алды.

№17 мектеп-гимназияның оқушыларын сол білім орданың информатика мен робототехника мұғалімі Асель Акшалакова мен информатика пәнінің мұғалімі Мария Обласова дайындаған. Әрі жастарға №17 мектеп-гимназияның оқушылары Луиза Микерова мен Винер Маргарита үлкен қолдау көрсетті.

Жерлестерімізді жемісті жеңістерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болсын!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА