Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының тілдерді дамыту орталығында аптасына екі рет «Мәміле» тілдесу клубының мүшелері бас қосып, мемлекеттік тілді үйренуде.

«Мәміле» тілдесу клубының ашылғанына 4 жылдай уақыт өтті. Бұл аралықта 60-қа жуық азамат қазақ тілін меңгерді. Жай ғана төл әріптер мен сөздерді біліп қана қоймай, сөздік қорларын молайтып, қарапайым сөздерді түсінетіндей деңгейге жеткен.

Ондағы сабақтар ойын, пікірлесу, сұрақ-жауап түрінде, бастысы емін-еркін форматта өтеді. Бұл зейінге ақпаратты тез әрі оңай қабылдауға септігін тигізеді.  Бір қуантатыны,  жұмыстың зая кетпей, нәтижелі болуында. Қазір бұрыннан бері қатысып, барып жүрген тұрғындардың басым көпшілігі қазақ тілін айтарлықтай үйренген. Сол себепті 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап «Мәміле» тілдесу клубының мүшелері жаңа қатысушылармен толықты.

- Клубтың сабақтары 80 пайыз практикадан тұрады. Қызықты әдіс-тәсілдер арқылы, ойын түрінде өткізіп тұрамыз. Бұл жерде шектеу жоқ. Бір жыл, болмаса бір жылдан артық келуге болады. Ол уақыт аралығында тілді үйреніп, ақырын-ақырын жобаларға, подкастарға қатысып жүргендер де бар, - деді қалалық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенова.

  Тағы бір атап өтетін жайт, ол жерде мемлекеттік тілді ақысыз тегін үйренуге бар жағдай жасалған.  Кабинеттері  жарық, әрі жайлы.  Оған өзіміздің де көзіміз жетті. Таяуда «Мәміле» тілдесу клубының мүшелерімен кездесіп, арқа-жарқа бола отырып, олармен қазақ тілінде тілдесіп келдік. Бір байқағанымыз азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы жоғары.

- Осындай клубтың барын естігенде өте қуандым. Маған қатты ұнайды. Себебі тілді үйренгім келеді. Бұл жердің бір артықшылығы ешқандай емтихан тапсырмаймыз. Біздің оқытушымыз да өте керемет жан. Сабақтың өту форматы да өзіме қатты ұнайды, - деп өзінің әсерімен бөлісті қала тұрғыны Татьяна Лебедева.

Бүгінде «Мәміле» тілдесу клубы өзге ұлт өкілдерінің басын қосатын ортаға айналды. Оның іші достыққа, бірлік пен ұйымшылдыққа толы.  Оның мүшелері биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл, әрі көктемнің шуақты 1 наурыз – алғыс айту күніне орай  «Алғыс анаға, алғыс әкеге, алғыс жас пен кәріге, алғыс бауырға, алғыс ауылға, алғыс елдің бәріне» деген ұранмен  «Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі» челленджіне қатысты. Әрі «Менің сүйікті мерекем» атты көңілді айдарында белсенділіктерін көрсетті. Онда әрбірі өздеріне ұнайтын атаулы күндерін айта отырып, ойларын ортаға салған. Ұлыстың ұлы күніне, алғыс айту мен жаңа жыл сынды айшықты мерекелердің мән-маңыздылығы айтылды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА