Таяуда қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл толуына орай «Қазақстанның берік ұстанымы – ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім» тақырыбында ақпараттық сағат өтті.
Шараны ашып жүрізген балалар бөлімінің кітапханашысы Алида Мусина: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 1995 жылы құрылған бұл институт этникалық топтардың өкілдерінің арасында достық, татулық, келісім орнатуға бағытталған. Ассамблея қоғамдағы этникалық және мәдени әртүрлілікті сақтауға және нығайтуға ықпал етеді»,-дей келе ұлт пен ұлыстың арасындағы ауызбіршіліктің, келісімнің ұйытқысына айналған Ассамблеяның рөліне айрықша тоқталды.
Әрі дүйім жұрт болып атап өтетін көктемнің шуақты да мейірімге толы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне қатысты ақпарат бере отыра, конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықты қамтамасыз етудегі басты қағидаларды атап өтті.
Осы шараға орай «Бір шаңырақ астында» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Оған оннан аса кітап қойылып, көпшіліктің назарына қазақ, орыс, ағылшын, неміс және тағы басқа да шет тілдерінде жазылған басылымдар ұсынылды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА