Әйел адамның жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны да ерекше. Бүгінде нәзік жанды арулар ошақтың қасынан да табылып, жұмысты да қоса алып жүруге үлгереді. Ал ең бастысы олар отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы.
Алғашқы жолдарымыз ару жандар жайлы бекер басталмады. Себебі алда, қыз-келіншектердің мәртебесін көтеретін, жүздеріне жылулық ұялататын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні келе жатыр. Көктемнің шуақты мерекесіне орай Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте техникалық қызметші болып жұмыс істеп жүрген Таңбаева Базаркүл Нұрманқызымен тілдестік.
Ол өзінің қарапайым болмысын сақтай отырып, әрдайым жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын жан. Базаркүл Таңбаева 1969 жылы Өзбекстан Республикасында дүниеге келді. 2017 жылдан бері жанұясымен бірге Саранға көшіп, жетпіс жылдан артық тарихы бар қалаға аяқ басты.
- Қазіргі таңда Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте техникалық қызметші ретінде 7-ші жыл қызмет атқарып келемін. Үйдің отағасы жүргізуші болып жұмыс істейді. Екі балам бар. Біреуі мектеп психологы болса, кенжеміз студент, - деді Базаркүл Нұрманқызы.
Ардақты ана, сыйлы дос бола білген Базаркүл Нұрманқызы бос уақытында дәмі тіл үйіретін әртүрлі тағам түрлерін әзірлегенді, эстрадалық әндерді тыңдағанды ұнатады. Оның әр күні өзіндік бір үйлесімге толы. Ол үшін өмірдің мәні сұлулық пен мейірімділіктен, үздіксіз рухани ізденістен тұрады. Жанұясымен бірге Наурыз айында атап өтілетін мерекелерді асыға күтеді. Оның ішінде 8 наурыз бен Ұлыстың ұлы күніне деген құрметі ерек.
- Құрметті ханымдар! Сіздерді көктемнің ерекше мерекесі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің бәйшешегіндей құлпырып, сұлулық пен нәзіктіктің иесі болып, бақытты да баянды өмір кешіңіздер. Ең алдымен дендеріңізге саулық, көңілдеріңізге шаттық, отбасыларыңызға құт-береке, елімізге тыныштық тілеймін, - дей келе аяулы ана барлық қыз-келіншектерді келе жатқан көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
Әйел-ана қанша жерден нәзік болса да, оның жігері мен рухы мықты келген. Бір қолымен бесікті тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі өсиет, тұғыры биік болмақ. Біз өз кезегімізде Базаркүл Нұрманқызын және барша жүзі мейірімге, қолы қайырымды келген аяулы аруларды, аналар мен әжелерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Жүздеріңіз әрдайым нұр шашып, күндей күлімдеп, көңілдеріңіз көктемдей көрікті болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА