«Ал, батамды берейін, арта берсін мерейін...» деп Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының сахнасында ізгілік пен мерейге толы бата беруден байқау өтті. «Бата» десе ойымызға бірден данагөй, қазыналы қарияларымыз келсе, осы жолы сері азаматтарымыз ерекшелене түсті.
Дана халқымыз «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деп бекер айтпаған. Бұл сөздердің астарында үлкен мән жатыр. Ата-бабаларымыз әрқашан тілегін тілеп, берілген батаға ерекше ден қойған. Қуанышты тойлар мен келелі жоралғыларда елге сыйлы, қадірлі қариядан бата алу арқылы ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген. Бүгінде бұл дәстүр ұмыт болмай өз жалғасын табуда.
Таяуда Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында қазақ халқының салт-дәстүрі күні аясында «Баталы елге – бақ қонар» атты бата беруден байқау өтті. Байқауда Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева жақсылық пен ықыластың, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын бата жайлы айта отырып, сахнада өнер көрсететін қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Біз биыл бірінші рет бата беруден байқау ұйымдастырдық. Шараның негізгі мақсаты – жастарға қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, бойларына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін бойына сіңіру. Сахнада 9 қатысушы өнер көрсететін болады,- деп атап өтті Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева.
Әділ қазылар құрамында болған еркін күрестен ССРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.А.Мусабеков, Ақтас кенті мешітінің наиб имамы Р.С.Слямкулов және «Ата, әжелер» тобының әншісі, дипломант Ж.А.Садыков қатысушыларды сөз саптауына, орындау шеберлігіне қарай бағалады. Жарыстың өзі бас-аяғы 3-кезеңнен тұрды. Ең алдымен әр қатысушы өз-өзін таныстырса, келесінде бата беріп, шешуші сәтте сұрақ-жауапта мүдірмей дұрыс жауап беруге тырысқан. Бұл бағытта жастардың дайындығы, белсенділігі ерекше көзге түсті.
Бата берген азаматтар ішінде «Көрермен көзайымы» номинациясы 85510 бөлімінің бөлімше командирі Галкин Олегке бұйырды. Жүлделі 3-орынды 44803 әскери бөлімнің сарбазы Абдукарим Мағжан, 2-орынды №16 жалпы білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі иеленсе, 1-орынмен 44803 әскери бөлімнің сарбазы Абжан Мейржан марапатталды.
Осы тұста атап өтетін бір жайт, ізгілік пен игілікке толы бұл байқау әрі қарай да өз жалғасын табады. Ұйымдастырушылар жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шаралардың біріне айналдыруды жоспарлап отыр.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА