Саран қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Алғыс айту күніне орай «Бір шаңырақ астында» атты форум өтті.
28 ақпан күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының іші айтарлықтай түрлене түсті. Кіреберістен кірген бетте қонақтарды ұлттық нақышта киінген қыз-жігіттер ыстық бауырсақтармен қарсы алып, қонақжайлылығын көрсетіп, бірден мерекелік көңіл сыйлады. Орталық кітапхана ұжымы «Алғысым шексіз саған, Қазақ елі» деген атаумен ел назарына рухани қазынаға толы көрмесін паш етті. Ал форумның өзі мерекелік күйде өте білді. Оған қаламыздың қадірлі азаматтары, бірлік пен татулықты ту өтіп жүрген этномәдени қоғамдық бірлестігінің өкілдері, қазыналы қарияларымыз бен ақжаулықты әжелеріміз, аға буынның ізін басып келе жатқан жас буын өкілдері қатысты.
Шарада қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев жиналған қауымды Алғыс айту күнімен құттықтап, Саран қаласында сан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын атап өтті. Әрі Саран қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б. Аброевты, қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Г. Жүсіпбекованы, Ақтас кенті Аналар кеңесінің төрағасы Г. Кулкаеваны, қалалық мешіттің бас имамы Н. Мусабековті, Саран қаласындағы Әулие Тихон шіркеуінің аға попы В.Бухлеевті ізгіліктің, рухани келісімнің, достық пен этносаралық бірлікті нығайтуға зор үлес қосқаны үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Дәл мұндай марапат «Якташлар» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Святохаға, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі С. Буцуговке, Саран қаласының Аналар кеңесінің мүшесі Татьяна Стрельчукке, «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Н.Кернебаеваға, «Ақ шаңырақ-2012» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта жандандыру этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі С.Супьяноваға, Ақтас кенті Аналар кеңесінің хатшысы Е.Свиридоваға табысталды.
Марапаттау салтанатында сөз алған Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, денсаулық сақтау саласының ардагері Марина Фатеева бейбітшілік пен достық, бірлік пен береке ынтымақтың алтын көпірі екендігін айта отырып, барша қауымды көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Алғыс айту күнімен құттықтады.
Сонымен қатар, форумға арнайы келген «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының» Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Меруеш Башайқызы бірлік, татулық, ынтымақ еліміздің басты құндылығы екенін алға тарта отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мән-маңыздылығына тоқталды. Ел басына түскен қиын сәттерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қазақстандықтарға, этнос өкілдеріне алғысын білдірді.
Форум барысында жігер мен рухқа толы әндер орындалды. «Детство» үлгілі би ансамблі мен «Амадеус» ансамблінің өнері тамашаланды.
Дина Әбдіғалиева