Мейірімі мол ананың жүрегі кең ғой, шіркін. Бар жақсыны балаларының алдына тосып, ауырып қалса түн ұйқысын төрт бөліп, әрдайым қасынан табылатын да - ана. Ал ертең нәзік жанды аналарымыздың, ару қыз-келіншектердің мерекесі - Халықаралық әйелдер күні.
Мерейлі мереке қарсаңында қалалық ауруханада 20 жылдан артық жұмыс істеп жүрген Бекмурзаева Зина Тілләбайқызымен танысып қайттық.
Ол 1960 жылы Өзбекстан Республикасы Новайы облысына қарасты Тамды ауданының тумасы. Өзбекстан Республикасының Ташкент астанасында Ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білім алған. 2002 жылы жанұясымен бірге Саран қаласына көшіп келген. Сол уақыттан бері Саран қалалық ауруханасында «Шаруашылық бикесі» болып жұмыс атқарып келеді.
-1983 жылы жолдасым Тепенов Түлкібаймен отау құрдық. Жолдасым 2002 жылдан бастап қалалық ауруханада «Жедел жәрдем» жүргізушісі болып жұмыс атқарады. Екі қыз бен үш ұлымыз бар. Бес баланың анасымын. Шүкір, 9 немере сүйіп отырмыз, -дейді ардақты жан.
Ол аурухананың тазалығына жауапты. Қажетті қорының болуын қадағалау, жууды ұйымдастыру, қол астындағы заттардың есебін жүргізу осы жанның мойнында. Өзінің бос уақытында тігін тігумен айналысқанды, демалыс күндерін немерелеріне арнағанды жөн көреді. Әңгіме арасында «Мен үшін өмірдің мәні - еліміз тыныш, аспанымыз ашық, балаларымыздың болашағы жарқын болуында» деп айтып қалды кейіпкеріміз. Ана жүрегі әрдайым бала үшін шырылдайды. Қыздарының қылықты, ұлдарының ұлықты болып өсуін әрдайым тілеп жүреді. Ал бұл жанұя үшін әр мерекенің алар орны бөлек. Себебі айшықты күндері бір дастарқан басында арқа-жарқа болып, қолы тимей жатса да ұялы телефон арқылы бір-біріне ақжарма тілегін айтып отырады. Мұндай сәттердің өзі ыстық, әрі бағалы.
-8 наурыз - жылдың ең аяулы, жарқын және тамаша күні! Құрметті арулар, шаңырақтарыңыз бен өмірлеріңіз жылулыққа толы болсын. Табиғаттың әсемдігі шабыт берсін. Көктемнің басы өмірлеріңіздегі өте қалаулы және әдемі оқиғаның бастамасын білдірсін! Мейрамдарыңызбен! Саран қаласаның жалпы ару жандылардың және өзімнің қызыметтес әріптесерімді 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!,- деп Зина Тілләбайқызы барша қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады.
Аяулы аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі аналармен ажарлы. «Отбасы-шағын мемлекет» демекші, ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі. Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп бекер айтылмаған. Ару аналарымыз аман болсын. Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!
Дина Әбдіғалиева