Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Әйел адам - ешқандай жұмыстан қорықпайтын батыл жан. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, шын беріліп, жүрегі қаласа ол меңгермейтін, ол үйрене алмайтын іс жоқ. Мәселен, тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» зауытында шаңсорғыш жинаушының қызметін атқарып жүрген  Анисия Владимировна Николаева жұмыстың ауыры мен жеңіліне қарамайтын нәзік жандылардың бірі.

Анисия Владимировнаның ұлты орыс болғанымен тілі таза қазақ тілінде сөйлеп тұр.  Облысқа қарасты Мойынты кентінде бал-балдырған балалық шағы өтіп, қазақ тілді ортада өскендіктен бүгінде емін-еркін өз ойын мемлекеттік тілде жеткізіп тұр.Ол еңбектен қорықпайтын жан. Әр жұмысқа бел сыбана кірісіп кетеді. Бұл жастайынан бойында қалыптасқан берік мінездің, қайсарлықтың арқасы.

- Мойынты кентінде 9-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін  Мичурин аграрлық-техникалық техникумына оқуға түстім. Екінші курс оқып жүргенде тұрмыста шығып, жолдасым екеуміз Қаражар ауылына ата-енемнің қолына келдік, - деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Анисия Владимировна табиғатынан өте пысық.  Қаражарда  жүргенде де құр-қол отыра алмады.  Шөпті де шапқан, тракторды да айдаған. Аспаз болып та,  есепші ретінде де біраз жұмыс тындырған.

-Бүгінде отағасы екеуміз 3 қыздың ата-анасымыз. Екі қызымыз тұрмыста. Шүкір, 4 жиен-немереміз бар. Қыздарым өсіп, мектебін, жоғары оқуын  бітіріп, тұрмысқа шықты. Кейін үйде жолдасым екеуміз ғана қалып қойдық. Бұлай болмайды деп, бір ауыздан жұмыс орнымызды ауыстыру керек деген шешімге келдік. Сөйтіп Саран қаласындағы «Silk Road Electronics» зауытына жұмысқа тұрдық. Өзіме  жұмысым ұнайды,-деді ардақты ана, асыл жар.

Оның жұмыс уақыты таңғы 9:00-ден басталып, кешкі 18:00-де аяқталады. Таң сәріден жолға шығып, кешке таман бірақ үйге жетеді. Егер де қолы босап қалса, балаларға арналған түрлі жылы шұлықтар, костюмдер тоқуды ермек еткенді жақсы көреді. Өз-өзін дамытып, ізденісте жүргенді құба-құп көреді.

-Ертең 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні. Осы мерекеге орай барлық аруларды мерекемен құттықтаймын! Әрқашан өздеріңізге сенімді, мықты, бақытты болыңыздар. Әр күндеріңіз бақ-берекеге, мол шапағатқа толы болсын, - деп сөз арасында барша әйел қауымын көркем мерекемен құттықтады.

Анисия Владимировнаның ерік-жігері көп жандарға үлгі. Жүгіріп жүріп үй тірлігін де тындырады, отағасының қамын  ойлауға да үлгереді. Жиен-немерелеріне деген көңілі керемет. Бүгінде бойжетіп, өскен қыздарына да көңіл бөліп, ең жақын құрбы болып кеткен аяулы ана.  Ал ең бастысы - ол бəрін шын жүректен жасайды.  Осы орайда біз де мерейлі мерекеде айрандай ұйыған отбасыға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз! Жан жадыратар қуаныштарыңыз көп болсын!

Дина Әбдіғалиева