Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Біздің ана тіліміз  –  шексіз бай, тегеуріні  мықты тіл. Себебі,  тіл, өмірдің алмастай жүзін, шынайы құпиясын танып, түсінуге басты себепкер. Осы әлемге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойымызға сіңіп келе жатқан ана тіліміз әр адам үшін ең қастерлі, ең қымбат.

Тіл тарихы – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгіні, болашағы. Қазақ тілі өзінің даласындай кең ауқымда қолданылады.

Қазақстанның жарқын болашағы – қазақ тілінде. Сондықтан, ана тілін дамыту үшін әркім өз туған тілінде таза сөйлеуі тиіс. Өйткені, жүйелі таза тіл,  жүйелі  ойды пайымдайды. Қазіргі таңда    қоғамымыздағы    тіл  мәселесінің басы да өз тілін білмеуден басталады. Өз туған тілінен жұрдай адам халқының салт – дәстүрінен, әдет – ғұрпынан, ең бастысы – жарқын болашағынан қол үзеді.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», –  деп ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен ана тілімізді құрметтеуіміз қажет. Міне, сонда ғана басқа тілдерді жетік меңгерген, елінің дамуына, болашағына өз үлесін қоса алатын білікті азамат болып шығамыз.

Әр адам өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Себебі, ана тілі арқылы ғана қоршаған әлемін саралап, ой елегінен өткізіп пайымдайтын адам, өзінің еліне деген махаббатын артыра түседі. Тек ана тіліміз  арқылы  ата –анаға, елге, Отанға, халыққа деген сүйіспеншілігімізді жеткізе аламыз. Әр адам баласы өз анасын қалай жақсы көрсе, өз тілін де сондай дәрежеде жақсы көруі екені анық.

Елімізде тұрып жатқан әрбір жан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін өзіне тірек етіп, осы тілді жақсы көруі қажет. Қазақ тіліне деген құрмет, қадірлеу, қастерлеп қамқор болу  –  әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың төл міндеті, парызы болып табылады.

Ж. Джумашева,

Саран қаласының ПБ