Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда 6 наурыз күні  қалалық полиция бөлімінің бастамасымен Саран қаласы әкімдігінің жанындағы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штабтың жұмыс жоспарын орындау барысында «STOP граффити» атты кең ауқымды акциясы өткізілді.

Оған Саран қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері, нашақорлық жөніндегі штаб төрағасы С.Ж. Бейскеев, Саран қаласы прокуратурасының прокуроры К.О. Исабеков, Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс – қимыл басқармасының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органның өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, «QazTehna» ЖШС қызметкерлері, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық - техникалық колледжінің және Саран техникалық колледжінің студенттері мен жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысты.

Акция барысында бояулармен, құралдармен қаруланған жастар өз қаласын нашақорлық пен өмірдің құртылуына әкелетін лас ұсыныстардан тазарту үшін шетте қалмады.  Азаматтық жауапкершіліктің нағыз үлгісін көрсете отырып, «Нашақорлыққа жол жоқ!» деген ұранмен 5 секторға бөлініп, нәтижесінде ғимараттардың қасбеттерінен, қоршаулар мен қала нысандарынан есірткі заттарын жарнамалау мүмкіндігі бар 12 граффити - суретті анықтап жойды.

Сондай-ақ, нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу бойынша тұрғындарға ақпараттық жадынамаларды таратты.

Бүгінде қоғам дертіне айналған есірткі заттарының алдын алу, аталған бағыттағы қылмыстарға тосқауыл қою полиция қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта қалалық полиция бөлімі әрқашан тиісті жұмыстар атқарып, есірткі сақтап сатқандармен ғана емес, есірткі жарнамалайтын граффити жазбаларын қалдыратындармен де тұрақты түрде күрес жүргізіп келеді.

Дина Әбдіғалиева