Тіл – қазақ халқының, қоғамның, жеке тұлғаның мәдениетінің бір бөлшегі болып саналады, әрі рухани дамудың бірден – бір тетігі, құндылығымыздың бастау көзі. Сондықтанда тілді сақтасақ, елдігіміз, ұлтымыз да сақталады. Ендеше, еліміздің жаһандануының сынынан сүрінбей өтуінің, керемет екпініне төтеп беруінің бірден-бір жолы тілді оқыту мәселелерімен тығыз сабақтастықта болуы қажет. Мемлекеттік тілді жүзеге асырудың басты шарты – тіл үйретудегі түрлі әдіс – тәсілдерді тиімді қолдану арқылы оқушыларымызға тілдік білім, білік дағдыларын меңгерту арқылы, өсіп келе жатқан ұрпақтарымызды енжарлықтан арылтып, елжандылық рухын шыңдап аталар жолының салып берген аманатына, қиянат етпей адал болуға, бәсекелестікке бейімделген ұрпақтарды тәрбиелей отырып, әлеуетін арттыру.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті сөзіне сүйенсек, тіл саясатын қашан да алға қою арқылы өз және өзге ұлт өкілдеріміздің мемлекеттік тілде сөйлеп, оның қолдану аясының кеңейетініне қол жеткізетініміз анық. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан –дүниеміздің айнасы, өсіп – өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегіміз. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп, сақтап, отыратын қазына», – деп Жүсіпбек Аймауытов ағамыз айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі болуы шарт.
Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдет – ғұрпын және салт – дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Қазір еліміз өз егемендігін алып, іргесін кеңге жайған заманда тіл мәртебесін асқақтату мақсатында елімізде бірқатар жұмыстар атқарылды және атқарылып та жатыр. Дегенмен, бұл мәселенің кешенді жұмыстар арқылы іске асуын есепке алсақ, әлі де атқарар қыруар жұмыстар тізбегі бар екенін пайымдаймыз. Сондықтан, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуі үшін, өз үлесімізді қосамыз деген әрбір қазақ, ана тілін білуге және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Сонда ғана тіл мәңгі жасайды, тілі мәңгі жасаған халық та өлмейді.
Ж. Джумашева,
Саран қаласының
полиция бөлімі