Бүгінде тіл жанашырларынан құралған «Тіл қорғаны» тобы және еріктілер көмегімен Саран қаласы мен Ақтас кентіндегі шағын және орта бизнес объектілеріне мониторинг жүргізу жоспарға сәйкес өтуде. 12 наурыз күні кезекті шара ұйымдастырылды.
Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен қалалық тілдерді дамыту орталығы мемлекеттік тілдің ахуалын үнемі сүзгіден өткізіп, зерделеп отырады. Осы бағытта жұмыс қарқыны да жылдан-жылға өсіп келеді. Бір қуантатыны, жүйелі жұмыстың нәтижесінде бірқатар кәсіпорындар мемлекеттік тілде жазылған жарнамалардың дұрыстығына өздері де мән бере бастаған. Егер де аудармамен қиындық туындап жатса, қалалық тілдерді дамыту орталығының мамандарына жүгініп, бүгінде тығыз жұмыс істеп келеді. Бұл айтарлықтай жұмысты жеңілдете түспек. Алайда соған қарамастан әдістемелік көмек ұсыну барысында қателер анықталынып жатыр.
Жоспарға сәйкес 12 наурызда «Тіл қорғаны» мүшелері мен еріктілер тобы 10 дүкенді, «Проспект» кафесін аралап, ондағы көрнекі ақпарат құралдарына аса мән берді. Шара барысында көшеде ілініп тұрған баннерлер, маңдайшалар, түрлі хабарландырулар мен көзге түсетін жарнамаларға, баға көрсеткіштері және тағы басқа да елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар назардан тыс қалмады. Ондағы мағлұматтың дұрыс аударылуы мен сауатты жазылуы әрдайым бақылауда.
- Жыл басынан бері Ақтас кенті бойынша 123, Саран қаласы бойынша 143 шаруашылық субъектісі қамтылды. «Жедел желі» бойынша 27 жеке кәсіпкерге әдістемелік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қолма-қол аударма бойынша көмек көрсетілді,- деп атап өтті қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нурмаханова.
Осы жолы жұмыс тобы шағын және орта бизнес өкілдеріне Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарының талаптарын және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75 бабын түсіндірді. Сондай-ақ, қалалық тілдерді дамыту орталығының ватсап жедел желісі: +7 747 880 01 65 бойынша жарнамалық мәтіндердің дұрыс аударылуын тексеруге һәм аударма бойынша тегін әдістемелік көмек алуға болады.
Жаза кетейік, мониторинг жұмыстары осымен тоқтап қалмай, әлі де өз жалғасын табатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА