Ақтас кентінде оң саусағынан өнер тамған бесаспап жан тұрады. Бағым Советбекқызы Баймурынованың қолынан келмейтіні жоқ. Ою-өрнекті де пішеді, көрпе-жастықты да тігеді, трактордың да жеңіл машинаның тілін де өзінің бес саусағындай жақсы біледі. Өзі күміс көмей, жез таңдай әнші. Бір бойында талай өнер тоғысқан нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан десек қателеспейміз.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Аппаз ауылының тумасы, Бағым Советбекқызының еңбекқорлығында шек жоқ. Аяқ-қолы бір дамыл таппайды. Қолы босай қалса, өзіне ермек іздеп, әр уақытын құрметтейтін, зая кетпесін деген ниетпен жүретін аяулы жан.
Ол 16 жасында мәдениет саласында жұмыс істесе, 23 жасында техниканың тілін меңгерген. Бірінші рет қолына МТЗ-80 тракторының рулін алған. Бірте-бірте жеңіл машинаға көшіп, 2012 жылдан бастап таксист-әйел ретінде таныла бастады. Ол бармаған, ол жүрмеген жер кемде-кем шығар. Тұрғындарды діттеген жерге аман-есен жеткізіп, ел алғысына бөленіп жүрген абзал ана, сүйікті әже.
- Мен негізі әкемнің баласы болғанмын. Оның машинасына мініп алатынмын. Әкемнің денсаулығы сыр берген уақыттары автокөлікті жөндеуге көмектесетінмін. Сол кезден бастап машиналарға деген қызығушылығым ояна бастаған. Ал негізгі мамандығым – мәдениет қызметкері. Мектепті аяқтай сала мәдениет саласында қызмет еттім. Кейін 1994 жылдан бастап Саран қаласында оркестрдің мүшесінде болдым. Онда баянда 4 жыл ойнадым. Содан біразға дейін өнерден алыстап кеттім. Қазір Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында дыбыс режиссермін. Бұл бағыт өзіме таңсық емес. Біздің орталықтың директоры Майра Оразгазыновна бұл қызметке шақырды. Сөйтіп араға 30 жыл салып, қайта өнерге оралдым, - деді Бағым Советбекқызы.
«Мен трассаға шықсам қуанамын» дейді таксист-әйел. Ол тек қолы тиіп, негізгі жұмысынан босағанда ғана жолға шығады. «Хобби» ретінде көреді. Әзірге ең алыс шыққан сапары – Түркістан қаласы. Көбіне Астана, Қарағанды бағытты бойынша жүреді. Осы уақыт аралығында оның басынан талай қызықтар өткен. Тіпті, жаңа дүние есігін енді ашқалы тұрған сәбиге оның есімін берген.
- Бірде Майқұдықтан әдеміше киінген ата мен әжені алып, Астанаға жолға шықтым. Жол бойы ұйықтап келді. Шаршағандарын көріп, музыка қоспай, тыныштықта жүріп келеміз. Бірде атамыз оянып: «Жайлы жүреді екенсің. Қай жақтың баласы боласың?» деп сұрай бастады. Содан жол бойы әңгімесін естіп, бір уақытта менің есімімді сұрады. Мен айттым: «Есімім – Бағым болады»,- деп. Сөйтсем, ата мен әженің жолға шығуында үлкен қуаныш жатыр. Астанада немерелері дүниеге келгелі тұр. Соған менің есімімді қоямын дегенде бір марқайып қалдым. Шыны керек, қуанып кеттім. Бұл ұмытылмас сәттердің бірі. Негізі басымыздан күнде неше түрлі қызықтар өтіп тұрады, - деп езу тарта жауап берді.
Бағым Советбекқызы домбырада, баянда, синтезаторда шебер ойнайды. Бірталай келіндердің бетін де ашқан. Қазіргі хит шоппер-сөмкелерді де тапсырысқа тігеді.
- Өмірді сүю керек. Сол кезде бәрі өте жеңіл келеді. Жұмысың да жеңіл беріледі. Әр нәрсені сүйіп істесең – ол сенікі. Мен мамандық таңдамайды екенмін. Ремонтты да өзім жасай беремін. Тіпті ремонт істегенде қызу жұмысқа кіріп кететінім соншалық тамақ ішуге де ұмытып кетемін, -дейді еңбекқор жан.
Бағым Советбекқызының үш баласы бар. Қызын қияға, ұлдарын ұяға қондырған бақытты ана. Бүгінде 11 немеренің сүйікті әжесі.
- Шүкір, біздің жанұя үлкен. Ұлыстың ұлы күнін отбасыммен бірге қарсы алғанды жақсы көремін. Наурызда болатын концертімізді қойып, айтатын әнімді орындап болған соң, үйге асығамын. Балаларым мен немерелерімнің ортасында, бір дастархан басында отырып, Наурызды тойлағанға не жетсін!? Үйде де ән орындап беремін. Барлықтарыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Отанымыздың іргесі аман, жер бетінде бейбітшілік, әр шаңырақта бақыт, құт-береке болсын. Бала-шағалары аман болсын. Барша ораза ұстап жүрген азаматтардың дұға-тілектері қабыл болсын, - деді мәдениет қызметкері.
Қашанда зор құрмет пен ыстық ықыласқа лайықты нәзік жанды арулар бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Бағым Советбекқызының шыдамдылығы, еңбекқорлығы мен парасаттылығы, қиындықтарға қарсы тұра алатын күш-жігері – көпке үлгі. Қарапайым болмысын сақтай отырып, көптің батасын алуда. Қаныш Сәтбаев айтпақшы: «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер». Ол да жеңіске жете білген, өз-өзін таба білген бақытты жандардың бірі. 11 наурызда Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының конференц залында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Таксист болудың қиындығы» атты әңгіме-сұхбатқа қатысып, қызығы мен шыжығы қатар жүретін жұмыстың қыр-сырын аша түсті. Жастарға танымды шара болғанына кәміл сенімдіміз. Қалай десек те, әйел араласқан істе береке мен молшылық, тәртіп пен жинақылық бар екені анық.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА