Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

14 наурыз - Көрісу (басқаша айтқанда Амал) күнінде «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында қала әкімі Дарын Бұлқайыр  тұрғындармен кездесті.

Ең өзекті деген мәселелердің басы қозғалды. Әкім 2025 жылға жоспарланған жұмыстарды айта отырып, көпті толғандырып, көкейінде жүрген мәселелерге жеке тоқталды.

-              Біз қазір 4 бағыт бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы.  Бүгінгі таңда біздің бірінші кезектегі міндетіміз, өздеріңіз білетіндей, жылумен қамтамасыз ету.  Қазіргі уақытта орталық қазандық арқылы 113 үй жылытылады.  Биыл тағы шамамен 57 үй мен 27-ге жуық әлеуметтiк нысанды қосу жоспарлануда. Жалпы орталық қазандықтарға қосылатын үйлер, үйлердің дайындығына байланысты қосылатын болады. Сондай-ақ, ауыз сумен қамту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.  Кәріз жүйесіне келетін болсақ, қазір жоба сараптамадан өтіп жатыр. Жоба 3 кезеңнен тұрады.  Бірінші кезең биыл болса, екінші кезең - келесі жылы және  2027 жылы аяқтаймыз, -деді қала әкімі.

Сонымен қатар,  қала басшысы жол мәселесін назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Кәріз нөсерлеріне дейін барлығы ескерілмек.  Басты талап - сапа болмақ.   Электр жүйесіне қатысты да құнды мағлұмат берілді.

- Ток жүйесіне тоқталып кетейін. Оған біз биыл құжаттық сметаларды әзірлеп, қазір экспертизадан өтіп жатырмыз. 200  бағананың кабельдері ауыстырылатын болады. Бұл дегеніміз, бізге 70 пайыз ток күшінің күшеюін береді, - деп атап өтті қала әкімі Дарын                     Бұлқайыр.

Кездесу барысында халық тарапынан үйдің қасбеттеріне, төбелеріне, 165 автобусқа және абаттандыруға қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Барлық сауалдарға қала әкімі нақты жауаптар қайтару арқылы көп мәселелерден хабардар екенін көрсетті. Одан бөлек қала әкімі Дарын Бұлқайырға алғыс айтып, ризашылығын жеткізген тұрғындар да көп болды.  Солардың бірі - қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тамара Кучеренко.

- Құрметті қала әкімі Дарын Бұлқайыр, біз бүгін маңызды кездесуге келдік. Сіз алдағы жоспарларыңызбен бөлістіңіз. Біз осы қаланың ардагерлеріміз. 65 жылдан артық одан да көп  Саран қаласында өмір сүріп келеміз.  Қаламызды енді-енді дамып келе жатқан уақытынан бастап білеміз. Ал қазір жинақы көшелерді, әдемі үйлерді, атқарылған жұмыстарды көргенде қуанамыз. «Жас келсе - іске» демекші, өзіңізді жақсы қырынан көрсете білдіңіз. Қызметіңізге сәттілік тілейміз,- деді қала тұрғыны Тамара Кучеренко.

Әрі кездесуде қала әкімі Дарын Бұлқайыр жастарға зор сенім білдіретінін, тың бастамаларды әрдайым қолдайтынын және келесі халықпен кездесуді тұрғындарға ыңғайлы болатын уақытқа - демалыс күндерге жоспарланатынын айтты. Қаланы бірге көркейтуге шақырды.

Шарадан соң қала басшысы жеке қабылдау өткізіп, халықтан келіп түскен талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келген азаматтар сан түрлі мәселелерді ортаға салды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА