Бүгін: 03.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін басты факторлардың бірі. Онымен күресудің ең тиімді жолдарының бірі – жастар арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру. Осы мақсатта Саран қаласында жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шығарма жазу байқауы ұйымдастырылды.

2025 жылғы 14 наурызда «Саран қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ және «Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдарының одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл байқау жасөспірімдер арасында адалдық пен әділдікті дәріптеуді көздеді.

Байқаудың басты мақсаты – оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, әділдік, адалдық және жауапкершілік құндылықтарын нығайту. Сонымен қатар, бұл шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың азаматтық ұстанымдарын айқындауға мүмкіндік берді.

Байқауда Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің педагогика ғылымдарының магистрі, қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Қайырбекова Аида Құрманғазықызы, Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының басшысы Нурмаханова Альбина Оспановна және Саран қаласының аналар кеңесінің мүшесі, білім беру саласының ардагері, ақын Стрельчук Татьяна Владимировна қазылық етіп, ұсынылған шығармаларды әділ бағалап, үздік жұмыстарды анықтады.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені №1 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Забалуева Полина иеленіп, 150 000 теңге сыйлық сертификатымен марапатталды. 1-орынды №1 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Карпенко Яна және Абай атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Еркін Зере иеленіп, жеңімпаздарға 50 000 теңге сыйлық сертификаты табысталды. 2-орынды №1 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Заблоцкая Дарья және Абай атындағы ЖББМ 9-сынып оқушысы Камбарова Айжан иеленіп, жеңімпаздарға 35 000 теңге сыйлық сертификаты табысталды. 3-орынды №7 мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Толепбергенова Айжан және №1 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Гузев Вадим иеленіп, әрқайсына 25 000 теңге сыйлық сертификаты табысталды.

Байқауға қатысқан барлық оқушыларға естелік сыйлықтар мен сертификаттар берілді.

Бұл байқау жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыруда, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Оқушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсері туралы ой қозғап, өз шығармаларында адалдық, әділдік және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын көрсетті.

А. Жантурина