«Шаңырақ» күніне орай Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов берекелі, айрандай ұйыған Мамытовтар жанұясын айшықты мерекемен құттықтады.
Мамытовтар жанұясының отағасы Бейсенбай Мамытов №13 жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы Бибайша Шарипбаева - бастауыш сыныптың ұстазы. Білім мен тәрбиеге сүбелі үлес қосып жүрген педагогтер шаңырағы бүгінде көпке сыйлы отбасылардың бірі.
- Сіздерге көп рақмет, Ақтас кентіміз өркендей берсін! Біз үшін отбасылық бақыттың құпиясы – бір-бірін сыйлау, құрметтеу, мерекелерді бірге өткізіп, бір-бірін түсіну, - дейді үйдің отағасы Бейсенбай Мамытов.
Биыл Мамытовтар жанұясы «Күміс» тойын тойламақ. 25 жылда салт-дәстүрді дәріптеп жүрген жарасымды жанұяның өз ұстанымы, дәстүрі қалыптасқан. Оның ішінде - Ұлыстың ұлы күніне деген құрметі ерек.
- Шүкір, екі баламыз бар. Үлкен ұлымыз жұмыс істейді. Кіші ұлымыз – студент. Ұлыстың ұлы күнінде біз жылда отбасымызбен жиналамыз. Ұлттық киім киіп, міндетті түрде Наурыз көжемді істеп, бауырсағымды, шелпегімді пісіремін. Негізі отбасымызда әр мереке сайын жиналамыз. Әрбір мерекеде екі ұлымыз үнемі бізге сыйлықтар жасап жүреді. Жылда концерттерге билет алып береді, - дейді асыл жар, аяулы ана Бибайша Шарипбаева.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, әр шаңыраққа ырыс, бақ-береке тілейміз. Көпке үлгі болатын отбасыларымыз көп болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА