Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Оның ішінде тәлім-тәрбие бастауы саналатын халық ертегілердің алар орны бөлек. Бүгінде ата-әжелер немерелеріне, аналар балаларына ертегі оқиды ма? Қазіргі таңда өзекті сауалдардың біріне айналған бұл сұраққа қаламыздың ақ жаулықты асыл әжелері жауап берді.
Таяуда әз-Наурыз мерекесіне орай Саран қаласының орталық кітапханасында «Әжелердің ертегісі: жаңа ұрпаққа жеткізілетін құндылықтар» тақырында дөңгелек үстел өтті. Оқу залының кітапханашысы Жанила Курышбекова жүргізген тағылымы мол танымдық шараға қалалық аналар кеңесінің, «Асыл әжелер» хоры мен «Ғибратты әжелер» клубының мүшелері қатысты.
«Әжесі бар үйдің әдебі бар» демекші, көпті көрген данагөй әжелеріміз өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
- Қазіргі кезде заманымызда қатігездік көбейіп барады. Бір-біріне мейірімділік жоқ. Соның барлығы былай қорыта айтқанда, жас кезінде балаларымызға ертегі үйретпегендіктен. Ертегіні тыңдамағаннан деп есептейміз. Мысалы, біз жастарды адал болса екен, жоққа қол ұшын бере алатын бір қайырымды болса екен, жүрегінде мейрімділік болса екен деп тәрбиелеуіміз керек. Әжелеріміз барда біздің қазақ дәстүріміз, қазақтың ізгі жақсы-жақсы қасиеттері жоғалмайды, - деді қалалық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова.
Ертегінің негізгі қайнар көзі отбасындағы ата-анадан, әжеден бастау алады. Себебі олар айтқан ертегілер талай баланың арман-мақсатына қанат бітіріп, алыстарға жетелеген. Сөзсіз, ата мен әженің берген тәлім-тәрбиесі ешкімді де ұятқа қалдырған емес. Ақ жаулықты әжелердің де ойы бір жерден шықты. Әрі ұялы телефонның салдары, оның балаға деген әсері айтылды. Одан бөлек, оқу залының кітапханашысы Жанила Курышбекова «Наурыз – көктем мен жаңару мейрамы» атты кітап көрмесімен таныстырып, бүгінде баланың зейінін ашып қана қоймай, көзді тынықтыратын, тыңдай білу дағдысын дамытатын «Дарынды бала әлемі» атты шағын сымсыз динамиктің көмегімен ертегілерді тыңдауға болатынын көрсетті. Ал Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің ардагер ұстазы Оралхан Бартаева әдеп-ғұрып жайлы айта отырып, өзінің авторлық өлеңінен паш етті. Шара соңында бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған дана әжелеріміз ізгі ниетке толы тілектерін айта отырып, шашу шашып, жанды дауыста әсем ән орындап берді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА