Сүйінші! Ұлыстың ұлы күні қарсаңында №17 мектеп-гимназиясында бір күнде қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған Абай Құнанбайұлына, Ахмет Байтұрсынұлына және Сәкен Сейфуллинге арналған кабинеттер ашылды.
Биыл ұлы ақын, хакім Абайдың туғанына 180 жыл толмақ. Осы мерейлі сәтте ең бірінші болып ұлы ғұламаның өлеңдері мен ғақлияларынан сыр шертетін «Абайтану» кабинеті ашылды. Ашылу салтанатында лента қию рәсімі Саран қаласы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, саясаттанушы, қоғам қайраткері Серік Мұстафин мен ұлағатты ұстаз Лира Елемесоваға бұйырды.
Өз кезегінде қонақтар ақ батасын бере отырып, оқушылардың оқу-білімге деген құлшынысы күннен-күнге арта беруін тіледі. Әрі Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа айтқандарына риза болды. Сондай-ақ, Серік Мұстафин білім алушыларға өзінің кітаптар жинағымен қуана таныстыратынын жеткізді.
Ал қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған Сәкен (шын есімі Сәдуақас) Сейфуллинге арналған «Сәкентану» кабинетінің ашылу лентасын қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев пен ҚР Білім және ғылым кәсіподағының құрметті қызметкері Ольга Свиргун кесті.
- Бұл кабинеттер - жай ғана сынып кабинеттері ғана емес, нағыз білім мен руханият ордасы болары сөзсіз. Мұнда оқушылар ұлы тұлғалардың еңбектерімен терең танысып, олардың идеяларын бойларына сіңіріп, бағдар алады. Баршаңызға денсаулық, еңбектеріңізге табыс, оқушыларға сапалы білім мен жарқын болашақ тілеймін,- деді қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев.
Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев пен зейнеткер-ұстаз Клара Кияшева белгілі ақын, публицист, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Ахметтану» кабинетінің ашылу лентасын кесті.
Жеке-жеке ашылған әр кабинетке шашу шашылып, білім беру ұйымдарының өкілдеріне атқарылған жұмыстар таныстырылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев өз сөзінде алғысын айта отырып, №17 мектеп-гимназиясының ұжымына шығармалық табыс тіледі.
Үш кабинеттің іші жап-жарық, әрі кең. Барлығы қазіргі стандарттарға, заман талабына сай етіп заманауи жабдықтармен жабдықталған. Кабинеттерге кірген бетте ұлы тұлғаларға арналған бұрыш көзге түседі. Олардың бір артықшылығы - QR-кодтың көмегімен ақпараттың қолжетімділігінде болып тұр.
- Әр кабинетте жоғары деңгейдегі SMART тақталары, компьютерлер орнатылған. Сондай-ақ, ең қызығы өздерінің жеке авторлық QR-кодтары бар. Сол QR-кодтарды оқушыларға өздеріне сабақ барысында болсын, емін-еркін қолдануға рұқсат береміз. Бұл нені білдіреді? Бұл артта тұрған, осы кабинеттегі қосымша материалдармен оқушы жұмыс істей алуы керек. Яғни қолжетімді болуы керек. Ол тұрып қалмауы керек, - деді №17 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәби Сәулетұлы.
Жыл басынан бері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тың жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бірдей үш алып тұлғасына арналған «Абайтану», «Сәкентану», «Ахметтану» кабинеттері оның жарқын үлгісі болмақ. Бәрінен мектептегі жаңашылдыққа ұстаздар мен оқушылар дән риза. Жаңа кабинеттер ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ортаға айналуына тілектеспіз.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА