Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп спорт залының екінші қабатында өрт сөндіру кезінде қаза тапқан №24 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Хали Хайратқа арналған «Ерлік-ақылмен, қайратпен және жүрекпен келеді» атты зал ашылды.
Залдың ашылу рәсімінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы және Хали Хайраттың әкесі Охас Хали қызыл лентаны кесті. Шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев пен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы Хали Хайраттың ерлігі көпке үлгі екендігін айта отырып, оның батырлығы мәңгі есте болатынын жеткізді.
- Бұл, шынымен, тарихи сәт. Себебі қазақта: «Ер есімі – ел есінде» деген ұлағатты сөз бар. «Бейбіт заманның батыры» деп атанған өрт сөндіруші мамандығын таңдап, өмірінің соңына дейін атына адал болып, еліне, жеріне қызмет атқарып, өзінің қызметкер ретінде ұстанымымен, өзінің өмірлік принциптерімен осы қызметті абыроймен атқарды, - деді Еркін Отарғалымұлы.
Сондай-ақ, шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко, мектеп ардагерлері: Оралхан Бартаева, Серік Мустафин және Хали Хайраттың ата-анасы, бауырлары, сыныптастары, жора-жолдастары қатысты.
- 2014 жылдан бастап Саран қаласының өрт сөндіру бөлімінде жұмыс жасады. Сол өрт сөндіру бөлімінде, атынан да біраз футболдан, теннистен, шаңғыдан барлық жарыстарға қатысып, өз өнерін көрсетіп, әрдайым бірінші, екінші орын алып жүрді. Хайрат өзі қарапайым, кішіпейіл, үлкен-кіші деп ешкімді таңдамай, барлығымен сыйластығы мол, әрқашан кім болса да, танымайтын адам болса да қол ұшын беріп, көмектесуге тырысатын бала болды, - деп атап өтті Хали Хайраттың туған ағасы Талғат Қалиұлы.
Мектеп спорт залының екінші қабатында мектеп түлегіне арналған «Отбасындағы қайтып келмес сәттер», «Отқа оранған қаһарман Хайрат», «Мектеп қабырғасында қалған іздер....», «Жеңіс тұғырынан түспеген Хайрат» атты стендтер ілінді. Спорттық шараларда ие болған жүлделері, қызмет бабында берілген грамоталары мен медальдері, кубоктары қойылды.
Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлден Серикова ержүректі ұлды тәрбиелеген Хали Хайраттың әкесіне шапан жауып, анасына да сый-сияпатын табыстады. Қонақтардың арасынан сөз алған мектеп ардагерлері: Оралхан Бартаева авторлық өлеңін оқып берсе, Серік Мұстафин тәрбиелік бағытта үлкен мәнге ие шараның маңыздылығына тоқталды.
Одан бөлек, залдың ашылуына орай Хали Хайраттың бірге оқыған сыныптастары жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында қазақ күресінен және үстел теннисінен жарыс ұйымдастырды. Спорттық шара барысында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мектепке спорттық жабдықтарды сыйға тарту етті.
Еске сала кетейік, Хали Хайрат – 2014 жылдан өмірінің соңына дейін «ҚР ТЖМ Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті» ММ-нің №24 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері болып қызмет атқарды. 2024 жылдың 6 қазанында Қарағанды облысында Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өз қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Кейін ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА