Саранда 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде «NAURYZ RUN» жартылай марафоны өтті. Биыл да дәстүрлі спорттық шарада ересектермен қатар жастардың қарасы қалың.
Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен спорттық шараны отбасымен келген, жыл сайын қатысып, бағын сынап жүрген қала қонақтары, спорт сүйер қауым мерекелік көңіл-күймен жарқын ете түсті.
- Наурыз мейрамына арналған «NAURYZ RUN» жартылай марафоны үш дистанциядан болады. Қатысушылар 7, 14 және 21 км жүгіреді. Жыл сайын қатысушылар саны көбеюде. Биыл жарысқа 300 адам тіркелді. Қарағанды, Шахтинск, Астана қалаларынан және өзіміздің Саран қаласынан адамдар келуде,- деп атап өтті Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мұхаммедрахым Арнешов.
Ең бірінші болып 13 жасқа дейінгі балаларға арналған «NAURYZ BALA» жарысы өткізілді. Онда 100-ден аса бала 500 метрді бағындырған. Балаларын қолдап ата-аналары да бірге жүгіріп, әдемі үйлесімге толы сәттің куәсі болдық.
Автобус шығаратын «QazTehna» зауыты болса, арнайы мерекеге орай киіз үй тігіп, барлық келушілерге ақ дастарқан жайды. Наурыз көжеден бастап бауырсақ, ұлттық тағамдар ұсынылды.
- Біздің қызметкерлер қаланың спорттық өміріне белсене қатысады. Бүгінгі жартылай марафонға 24 адам жүгіреді. Көбі 7 километрге және 4 адам 14 километрді бағындыратын болады. Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз!, - деді «QazTehna» ЖШС PR менеджері Екатерина Шлома.
Бүгінде спортпен шұғылдануды насихаттап жүрген топ болып жүгіретін азаматтардың қатары көбейген. Бір қуантатыны, Саран қаласына тұрақты келетін қатысушылар да баршылық.
- Мен Астана қаласынан келдім. Осы марафонға 2022 жылдан бастап үнемі қатысып жүрміз. Өте жақсы бастама. Бұрын Қарағанды Е.А.Букетов университетінде жұмыс істеген болатынмын. Бізде «Buketov runners» жүгіру тобы бар. Осының алдында біз Қарқаралыға ультрамарафон жүгірген болатынбыз. Түркістанға, Ұлытауға жүгірдік. Енді биыл Е.А. Бөкетовтың 100 жылдығына деп Петропавл жаққа қарай және Абайдың 180 жылдығына деп Абай облысына жүгіруді жоспарлап жүрміз. Қандай шара болады, соған атсалысуға тырысамыз. Баршаңызды бүгінгі Ұлыстың ұлы күнімен – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Спортты насихаттап жүрген Саран қаласының халқына, әкімдігіне, барлығына рақмет айтамын. Өте жақсы шара, - деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.
Биыл қасиетті Рамазан айына түскен марафонда Саран қаласының прокуроры Ж. Накишев пен қалалық мешіттің бас иманы Н. Мұсабеков те халықпен бірге жүгіріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
- Біріншіден, Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа денсаулық, бақыт тілеймін. Спорт – денсаулық кепілі. Әр бала спортмен айналысса онда ешқандай құқық бұзушылық та жасамайды. Сол үшін барлықтарыңызды спортмен шұғылдануға шақырамын, - деп атап өтті Саран қаласының прокуроры Ж.Накишев.
Қалалық мешіттің бас иманы Н. Мұсабеков те Наурыз мерекесімен құттықтап: «Халқымыз «Тәні саудың - жаны сау» демекші, біздер-сіздер болып осындай бір жастарымызға үлгі бола білсек, елге, халыққа тәрбиені үйрете білсек, болашағымыз жарқын болмақ. Баршамызға амандық, саулық берсін. Ақ мол болсын! Ырыс-береке әулетімізге, шаңырағымызға келе берсін»,- деді.
Шынымен, «Денсаулық – зор байлық». Әр спортта ең қиыны – бастау. Сол күні марафонға бірінші рет қатысқан тұрғындар да нар тәуекел етіп, ерік-жігерлерін бір сынап көргендей.
- Өзім бірінші рет марафонға қатысып, 14 км жүгірдім. Ендігі жылы да қатысуға ниетім бар. «Спорт - денсаулық кепілі» демекші, барлықтарыңызға Наурызда денсаулық, бақыт тілеймін, - деді Саран қаласының тұрғыны Жеңіс Сериков.
Қатысушылардың арасында шаңғы тебетін, биіктікке секіретін, марафондарға жүгіретін 73 жастағы Жаманбек Төлеутай шеберлігімен көпті таң қалдырды. Өзі зейнетте болса да, спортпен тұрақты айналысқанды құба-құп көреді.
- Наурыз құтты болсын! Мен ардагер спортшы, кенші, зейнеткер, Азия чемпионымын. 94 классикалық халықаралық марафонды бағындырдым. Жылда Саранға келіп, Наурыз марафонына қатысамын. Ұйымдастырушыларға мың да бір рақмет, - деді Жаманбек Төлеутай.
Осы тұста бір атап өтетін жайт, спорттық шарада ерлермен бірге нәзік жанды арулар да қоса жүгірді. Мәре сызығын аттаған барлық қатысушыларға естелік медаль табысталса, ерлер мен қыздар арасында бірінші, екінші, үшінші болып жүгіріп келген азаматтар арнайы грамотамен және медальмен марапатталды. Қыздар арасында 21 км қашықтықты бірінші болып бағындырған Диана Асауова да тұрақты қатысушылардың бірі. Биыл жұлдызы оңынан жанып, бәрінен оза шапты.
- Керемет көңіл-күйдеміз. Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын! Барлық шаңыраққа шаттық, молшылық әкелсін. Бүгінгі өткізіліп жатқан «NAURYZ RUN» жартылай марафонына көп рақмет айтамыз. Өзім жылда қатысамын, - деп өз әсерімен бөлісті жеңімпаз, Қарағанды қаласынан келген Диана Асауова.
Сондай-ақ, қаламыздың кішкентай тұрғындарына да ерекше көңіл бөлінді. Анимациялық кейіпкерлердің қатысуымен мерекелік бағдарлама ұсынылды. Күннің ызғарына қарамастан балалар мәре-сәре. Қатысушылар да алған әсерімен қуана-қуана бөлісіп, шат-шадыман күйде тарқасты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА