Ұлыстың ұлы күніне орай №6 жалпы білім беретін мектепте қалалық білім беру ұйымдарының қатысуымен «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты ауқымды мерекелік шара өтті.
Жаңару мен жаңғыру мейрамына айналған, Самарқанның көк тасы еріген күнінде қала әкімі Дарын Бұлқайыр, Саран қалалық мәслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетов, қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев мектеп жәрмеңкесін, білім ордалар тіккен ақ киіз үйлердің ішін аралап, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
- Қайырлы күн, құрметті ақсақалдар, ұстаздар, оқушылар. Келіп жеткен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Ақ мол болсын! Оң жетістіктерге жетіп, қаламыздың өсіп-өніп, көркеюіне біз себепкер болып, куәгер болайық. Жастарымыз аман болсын, - деді қала әкімі Дарын Бұлқайыр.
Шараның өзі №6 жалпы білім беретін мектептің алаңынан бастау алған. Домбырашылар қолына домбыра алып, күмбір күйден төкті. Ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер жиналып, қыстан аман-есен шыққандарымен құттықтап, бір-біріне жылы тілегін арнады. Күн мен түннің теңелуі, Жер-Ананың құдіреттілігі бейнеленген көріністің өзі ерекше әсер сыйлады. Ортаға Қыдыр ата шығып «Наурыздан Наурызға аман-есен жете берейік» деген тілекпен ақ батасын берді.
- Құрметті халайық, әз-Наурыз мерекесі құтты болсын! Міне, біз, №16 жалпы білім беретін мектеп атынан бүгін қалалық Наурыз мерекесіне өзіміздің киіз үйімізбен, ақ дастарқанымызбен келіп қалдық. Барлықтарыңызға мол бақыт, зор денсаулық тілейміз, - деді №16 жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Әсем Батталқызы.
Кейін №6 жалпы білім беретін мектептің ішінде Саран қаласының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының өнері ортаға салынды. Қала әкімі Дарын Бұлқайыр роботтың тілін меңгерген дарынды балалардың ұстаздарымен бірге жасаған жұмыстарымен, ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген әшекей бұйымдармен, балалар өнер мектебінің оқытушылары дайындаған шеберлік сабақтарымен танысты. Сондай-ақ, жоғарғы қабатқа көтерілген кезде бір бөлігінде «арқан тартыс», «бес асық» және басқа да ұлттық ойындар ойналса, екінші бөлігінде қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптары көрсетілді. Бәрінен өзге ұлт өкілдерінің салты мен ұлттық тағамдар көрмесі көпті таңғалдырды. Онда бір шаңырақ астында тұратын қазақ, орыс, неміс, татар, өзбек және басқа да ұлт өкілдерінің татулығы, достығы мен сыйластығы дәріптелді.
- Әрине, бүгінгі думан, бүгінгі той ерекше өтіп жатыр. Бүкіл Қазақстан халқын мерекемен құттықтаймын! Басымыз аман, еліміз тыныш, тек қана бірлік, достық болсын деп тілеймін,- дей келе талай білімді жастарды түлетіп ұшырған ардагер ұстаз Оралхан Бартаева өзінің Наурыз мерекесіне арнайы шығарған авторлық өлеңінен паш етті.
Бір адамдай атсалысқан мерекелік шарада тәрбиенің түп қазығы, бала тәрбиесінің қайнар көзі - ұлттық құндылықтарға ерекше зер салынды. Әр бұрышы тарихтан сыр шертіп тұрды. Барынша келушілерге Наурыз мейрамы есте қаларлықтай етіп ұйымдастырылған.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА