Бүгін: 20.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Елемисовтар жанұясын тағдыр өзі қосқандай. Екеуі де көп балалы отбасыдан шыққан. Жастайынан екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпашылығын қажырлықпен көтере білген. Ұқсас тұстары да өте көп. Бүгінде өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттерін  «екі жарты  бір бүтін» болып 70 жылдан артық бірге енсеріп келеді.

Тыл еңбеккерлері майдан шебіндегі жауынгерлермен бірге бейбіт өмірді жақындатуда зор үлес қосты. Ол кезде соғысқа аттанған ерлердің орнын еңбекке жарамды деген қариялар, әйелдер мен балалар басқан. Ерлі-зайыпты Тулеген Елемисов пен Алефтина Елемисова сол бір сұрапыл жылдар жайлы айтып берді.

- Мен Башқұртстандағы Шевяковка ауылында дүниеге келгенмін. Свердлов облысына барған уақытта жұмысқа орналастым. Кейін Карадумская саяжайында шөп шабу басталып, мені соған жіберді. Сол жерде жолдасыммен таныстым.  Жолдасым әскерден келген. Айтуынша, мені бірден байқаған. Міне, бүгінде шаңырақ көтергенімізге 70 жылдан асып кетті. Биыл мен 90 жасқа келсем, жолдасым – 96 жасқа аяқ басқалы тұр, - деді Алефтина Елемисова.

Тыл еңбеккерлерінің бірге қол ұстасып жүріп өткен өмірлік жолы тарихи жылдармен сабақтасып келеді.  Ұлы Отан соғысы басталғанда үлкені-кішісі бір адамдай еңбекке араласты.

- Соғыс басталған уақыт әлі есімде. Ол кезде мен атқа мінетінмін. Шөпті сығымдайтынбыз. Біздің жақта бұқалар, сиырлар болмаған, тек жылқылар болды.  Сұлы, бидай, арпаны күтетінбіз. Кейін оларды майданға жіберетінбіз. Күн сайын оқушылар үлкендерге көмектесіп, жұмыс істеді. Ал кешке тас қараңғы батқанда кішкентай май шамдармен сабақ оқыдық. Қазір көзім нашар көреді, ал жолдасымның құлағы жаман естиді. Ол да соғыс уақытында өте көп жұмыс істеді. Олар астықпен көмектесетін, шөпті түсіретін. Станцияларға жөнелтетін,- деп сөзін жалғастырды Алефтина Елемисова.

Тыл еңбеккерлері көп жылдар бойы Сырдария облысында тұрған. Кейін Саранға көшіп келді. Бейбіт заманда үйдің отағасы көбіне ауыл шаруашылық саласында, мал шаруашылығының бригадирі болып жұмыс істеген. Ал үйдің отанасы балабақшада аспаздың көмекшісі болған. Қазір екеуі де – зейнетте. Екі ұлы, 3 немересі, 3 шөбересі бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Сұрапыл соғыста халқымыз күш-жігерін сарп етіп, орасан зор шығынға ұшырады. Майдангерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында жеңіске жеттік. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз».

Жерлестеріміздің бойындағы еңбексүйгіштік қасиеті осы күнге дейін бар. Үйіндегі жұмыстарды өздері атқарады. Бір-біріне демеу болып, қолдау көрсетіп келеді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА