Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Абай Құнанбайұлы
Саранда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай оқулары» халықаралық шығармашылық конкурсының қалалық кезеңі өтті.
Қаламызда жыл сайын Абай оқуларынан байқау өтіп, қатысушылардың ішінен поэзияны жаны сүйетін, әдебиет майталмандарының шығармашылығынан нәр алатын талантты жастар іріктелініп, кейін облыс, одан әрі республикалық деңгейде бағын сынап келеді. Биыл да көптің сүйіп қатысатын әдеби дода өз жалғасын Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің қабырғасында тапты. Оған қалалық білім бөліміне қарасты білім ордалардың оқушылары жиналды. Әрбірі дара, әрбірінің дайындығы әртүрлі болғанымен ішінен тек ең мықтылары ғана көзге түсе білді.
Байқау қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылғандықтан оған сәйкесінше қойылатын талап та жоғары болды. Қатысушылардың дайындығы бекітілген бес номинация бойынша пысықталған.
Нәтижесінде хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтудан жарысқан «Абайдың асыл мұрасы» номинациясында Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Айдынқызы Ақниет 1-орынға, №13 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Харьков Максим 2-орынға, Абай атындағы ЖББ мектебінің 7-сынып оқушысы Ерлан Алихан және №16 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Сыздыкова Айлана 3-орынға ие болды. Сондай-ақ, №16 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушылары: Гончаров Роман мен Акашева Мадинаға алғыс хат табысталды.
Келесі «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» атты номинациясы бойынша Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Еркін Зере 1-орынмен, №7 мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Кувандикова Акнур 2-орынмен, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Ерланқызы Айгерім 3-орынмен және №1 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Когай Климент алғыс хатпен марапатталды.
Әуезді «Әнді сүйсең, менше сүй» атты номинацияда өнер көрсеткен №7 мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Зайтхан Алтынбек 1-орынға, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Жумагалиев Ислам мен балалар өнер мектебінің 7-сынып оқушысы Цепелева Ангелина 2-орынға, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Исатай Аружан мен №1 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Сыроватская София 3-орынға жайғасты. Ал № 16 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Бексеитова Аяулымға алғыс хат берілді.
Сонымен қатар, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» номинациясы барысында Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Хишигтқызы Жансұлу 1-орынды иеленсе, №1 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Коржов Андрей алғыс хатпен марапатталды.
Өз бағын сынап көрген жастарды тағы бір бағындырған белесімен құттықтаймыз! Жемісті жеңістеріңіз көп болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА