Саранда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Отбасылық тәрбие мен ұлттық құндылықтар» атты облыстық семинар өтті.
Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығы, қалалық білім бөлімі мен №1 мектеп-лицейі ұйымдастырған облыстық деңгейдегі шарада профессор, техника ғылымдарының докторы, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», профессор, білім беру саласының майталмандары Сәбит Сейітұлы Қонтаевтың, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі, психология ғылымдарының докторы, профессор Бибісара Әубәкірқызы Әмірованың дайындаған баяндамалары тыңдалды. Саран қаласының құрметті азаматы, саясаттанушы Серік Хамзиұлы Мустафин да сөз алып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстық семинардың мақсаты - мектеп пен отбасының ынтымақтастығын нығайту жолдарын қарастыру және оқу-тәрбие үрдісінде ұлттық салт-дәстүрлердің рөлін арттыру болып табылады. Осы бағытта да бірқатар жұмыс істелінуде. Оны облыстық-семинар барысында көріп қайттық.
Білім беру ұйымдары «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына аясында 6 жоба мен бекітілген бағдарламаға сәйкес тренингтер, түрлі шеберлік сабақтарын өткізген. Келушілердің назарына, үй-жиһаздарына, киімдерді нақыштап безендіруге қолданылатын ою-өрнектердің, кестеленген дүниелердің, бүгінде сұранысқа ие гипстен жасалған бұйымдардың түр-түрі қойылды. Ұршық иіру мен кілем тоқу әдесімен, қыз баласына жарасатын ұлттық бұйымдармен де таныстырды.
- Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қыз бала 4-5 жастан бастап құлағына сырға, қолына бала білезіктер таққан. Әр әшекей бұйымның өзіндік тәрбиелік мәні бар. Біз негізі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ата-аналармен тығыз жұмыс істейміз. Осы бұйымдардың бәрін ата-аналармен бірге жасаймыз, - деп шеберлік сабақпен таныстырып өтті «Березка» бөбекжай-балабақшасының қазақ тілі мұғалімі Назым Хасенова.
Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болғандықтан бұл бағытқа да ерекше көңіл бөлінуде. Саран қаласының жастары робототехника жағын терең меңгеру үстінде. Дара оқушылардың жұмыстары да мақтауға тұрарлық.
- Мен шиналардың ақаулары мен сапасын тексеретін жоба жасадым. Автомобильде 4 тірек нүктесі бар және бұл тірек нүктелері шиналар болып табылады. Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік мәселесі – бірінші орында, - деп №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Данил Горбунов шиналардың сапасын тексеретін роботымен таныстырды.
Бәрінен қуантатыны, семинарда көрсетілген жұмыстардың басым көпшілігі – ата-аналармен бірге жасалған. Аналар, әкелер, әжелер мектебінің де қосқан үлесі зор.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА