Бүгін: 20.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының білім бөліміне қарасты барлық 8 мектепте аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арналған  Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру аясында 2025 жылы Саран қаласының мектептеріне «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен кіріктірілген аппараттық-бағдарламалық кешен қойылған.

Осы бағдарламаның арқасында ата-аналар балаларының қай уақытта мектепке келгенін және қашан шыққанын, тіпті,  күнделікті ас мәзірін де «eGov Mobile» қосымшасының көмегімен қашықтықтан бақылай алады. Себебі бұл бағдарлама баланы суретке түсіріп алған бетте ата-анасына хабарлама келеді. Қарапайым тілмен жазғанда, мұндай құрылғылар адамның бет-жүзін анықтайды. Бүгінде олар кіреберіске және асханада орнатылған. Одан бөлек, карточкаларды қолдануға болады. Әрі мектепте білім алатын әр бала, оларға сабақ беретін әр ұстаз арнайы базаға енгізілген.

Ал таяуда қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев пен мәслихат депутаты Жанбол Жаяубаев мектептердің ішін аралап, өз көздерімен аппараттық-бағдарламалық кешеннің қолдану әдісін көріп қайтты. Әрі оның аясында атқарылған жұмыс ауқымымен танысты. Мектеп ұжымымен сөйлесіп, ата-аналардың да ойын ескерді.

Білім бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, барлық орнатылған аппараттық-бағдарламалық кешен Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Бұл жүйе ата-ана бақылауына емес, мектеп, мемлекет және отбасы арасындағы серіктестікке негізделген. Ол әрбір ата-ана баласының қауіпсіз екеніне сенімді болуы үшін жасалған.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА