Бүгін: 02.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бүгін Парламент Мәжілісінде мақұлданған МӘМС-ті жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасының шеңберінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне (МФБК) медициналық қызмет көрсету саласында қадағалау функциясын беру нормасын енгізу ұсынылды. Бұл өрескел бұзушылықтар мен заңсыз медициналық қызметке жедел әрекет етуге, ұзақ келісімдер мен сотқа жүгінбей-ақ шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Бүгінде Комитет мемлекеттік бақылау шеңберінде тиісті лицензиясыз, медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаларын өрескел бұза отырып жүзеге асырылатын заңсыз медициналық қызметтерді анықтайды.

Тек 2024 жылы ғана 2 214 жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 1 832 әкімшілік хаттама, оның ішінде 884-і — лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін, 817-сі — стандарттарды өрескел бұзғаны үшін толтырылған.

Қолданыстағы заңнама денсаулық сақтау саласында жедел әрекет ету шараларын көздемейді, бұл өзге бақыланатын салалардан (ветеринария, сауда теңіз флоты, өсімдіктер карантині және т.б.) ерекшеленеді.

Комитетті қадағалау өкілеттіктерімен қамтамасыз ету бастамасы заң бұзушылықтарға дер кезінде әрекет етуге, медициналық көмек көрсету кезіндегі қауіпсіздік шараларын күшейтуге, пациенттердің құқығын қорғауға және денсаулық сақтау саласындағы бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.