Бүгін: 02.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бүгін біз қоғамда жиі шатастырылатын екі ұғым — зайырлық пен атеизм туралы сөз қозғаймыз. Бұл екі түсінік бір-біріне ұқсас көрінгенімен, мән-мағынасы мен мақсаты жағынан түбегейлі бөлек.

Зайырлық – мемлекеттің діннен бөлінгенін білдіретін қағида. Бұл мемлекет белгілі бір дінді қолдап, екіншісін шеттетпей, баршаға тең құқық пен сенім бостандығын береді деген сөз. Зайырлы мемлекет дінді шеттетпейді, керісінше, әр адамның ар-ождан бостандығын қорғап, дінге сенуге немесе сенбеуге мүмкіндік жасайды. Қазақстан Конституциясында «Мемлекет пен діннің арасы бөлінген» деп анық жазылған.

Ал атеизм – бұл Құдайдың барлығын жоққа шығаратын жеке адамның сенімі немесе философиялық көзқарасы. Яғни, атеизм – діни сенімге қарсы пікір. Бірақ бұл көзқарасты бүкіл қоғамға немесе мемлекетке тықпалауға болмайды. Өйткені әр адамның сенім бостандығы бар.

Асыл дініміз Ислам адамды таңдау еркімен жаратқан. Құранда: «Дінде зорлық жоқ» (Бақара сүресі, 256-аят) деп нақты айтылған. Бұл — әр адамның сеніміне, таңдауына құрметпен қарау керектігін білдіреді. Зайырлы қоғам — осы Құран қағидасына сәйкес келетін жүйе.

Зайырлы мемлекет дінді насихаттауға тыйым салмайды. Мешіттеріміз ашық, діни оқу орындарымыз бар, қажылыққа баруға, ораза ұстауға, намаз оқуға ешкім кедергі келтірмейді. Бұл – зайырлылықтың артықшылығы.

Алайда кейбір жастар зайырлықты атеизм деп түсініп, мемлекет дінге қарсы деп ойлап қалады. Бұл — қате түсінік. Біз бұл мәселені дұрыс түсіндіруіміз керек. Зайырлылық — дінсіздік емес, дінге еркіндік беретін бейтараптық.

Қорытындылай келе:

  • Зайырлы мемлекет — дінге қарсы емес;
  • Атеизм — бір адамның таңдауы, бүкіл қоғамға тән емес;
  • Дін мен мемлекеттің өзара сыйластығы – бейбіт өмірдің кепілі;
  • Біз өз сенімімізді сақтай отырып, қоғаммен тіл табысып, ізгілік пен әділдікті насихаттай білуіміз керек.

Алла тағала баршамызға хидаят беріп, дінімізге бекем, еліне адал, қоғамда үлгілі азамат болуды нәсіп етсін!

Нұржігіт Мусабеков,

ақпараттық топтың мүшесі