Бүгін: 02.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Баланың қауіпсіздігі – бірінші орында. Санаулы күндерден соң оқу жылы аяқталып, оқушылардың көптен күткен жазғы демалысы басталмақ. Ата-аналар нені білген жөн?

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, жаз мезгілі басталғанда дәл осы көрініс орын алатыны айдан анық. Алайда ата-аналар үшін жаз маусымындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, естен шығармағаны орынды. Осы орайда Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері білім беру ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, «Жаз мезгіліндегі балалардың қауіпсіздігі» тақырыбы төңірегінде дөңгелек үстел өткізді. Онда төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко бірқатар мәселелерге тоқтала отырып, суда шомылудың қауіпсіздік шаралары жайлы айтып, ережелердің  сақталуын ескертті.

-  Шомылуға рұқсаты жоқ су айдындарында шомылатын ересектер де, балалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деп өз сөзінде атап өтті Сергей Сергеевич. Әрі білім беру ұйымдарының өкілдеріне алда болатын жазғы лагерь барысында балаларға сақтық шараларын түсіндіруге, бірігіп жұмыс істеуге әрдайым әзір екенін жеткізді.

Себебі, Саран қаласы  мен Ақтас кенті бойынша арнайы жабдықталған рұқсат етілген шомылу орны жоқ.

«Сақтансаң, сақтайды» демекші, тақырып аясында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрақты түрде рейд жұмыстарын да жүргізіп келетінін айтты. Онда жаз мезгілінде жиі орын алатын - балалардың терезеден құлап кету фактілері жайлы, сақтық шаралары туралы, тілсіз жаудан сақтану жолдары, төтенше жағдайлар кезіндегі ескеретін қауіпсіздік ережелері айтылады. Мұндай іс-шаралар жыл сайын өтуде.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА