ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Данияр Абдрахманов Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері мен кезеңдерін атап өтті.
21 мамыр күні Саран қаласының мәдениет үйінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Данияр Абдрахманов пен Саран қаласы әкімі аппаратының басшысы Ақылбай Нагидулланың қатысуымен семинар өтті. Оның аясында жоғары білімі бар, мемлекеттік тілді меңгерген, жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес, 35 жастан аспаған ҚР азаматтары қатыса алатын Президенттік жастар кадр резерві жайлы жан-жақты мағлұмат бере отыра, биылғы ерекшеліктеріне зер салынды.
- Қазіргі таңда 400-дей резервші іріктелініп, оның 80 пайызы мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда қызмет атқаруда. Биылғы төртінші іріктеудің ерекшелігі - әр бағыт бойынша кандидаттар біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында, әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу жоспарланып отыр. Яғни әр резервте салалық бағыттар бойынша квоталар қарастырылатын болады, - деді Данияр Абдрахманов.
Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер маусым-қазан айларында өткізілетін, 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс. Олардың кейбірі онлайн және оффлайн түрінде өтпек.
Ең алдымен 1-кезеңде резервке алу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1 маусымнан бастап бір ай уақыт аралығында арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде жүзеге асырылса, кейін 2-кезеңде мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Келесі 3-кезең барысында ситуациялық тапсырмаларды шешу жолдарына аса мән беріледі. Ал «Құзыреттерді бағалау» атты 4-кезеңнің өзі «Ассессмент-орталық» және «Құзыреттер бойынша сұхбат» сынды екі блоктан құралған. Бесінші кезеңде резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу өтсе, соңғы «Сарапшылық комиссия ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау» кезеңінде Президенттік жастар кадр резервіне үздік кандидаттар қабылданады.
Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА