21 мамыр күні қалалық мәдениет үйінде ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Сахнаның төрінен өнердің сан қырын игерген бесаспап азаматтар орын алды. Қаланың әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнерімен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет саласының қызметкерлері мен елеулі үлесін қосқан ардагерлерді Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
- Құрметті әріптестер! Сіздер басқалар демалған уақытта, жұмыс істейсіздер. Айналаны бақытқа, шуаққа толтырасыздар. Сіздердің арқаларыңызда біз музыка мен бидің әсем әлемімен танысамыз. Еңбектеріңіз елене берсін. Осындай керемет күнде, барлықтарыңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!, - деп ізгі тілегін білдірді Ғалия Төлегенқызы.
Бұл күні сахнада «Амадеус» би ансамблінің шоқ жұлдыздары, «Жамбы» хореографиялық ансамблінің сүйкімді бишілері би билеп, ортаны қызыл, жасыл, сары түстермен жарқырата түсті. Қалалық мәдениет үйінің директоры Баян Абайұлы мен директордың орынбасары Меней Жұлдыз әннен шашу шашты. «СаксоАккорд» дуэтінің, «Мечта» ансамблінің, «Асыл әжелер» Хорының, «Шабыт» домбыра үйірмесінің, «Мудрость» халық қорының, Варганов Анатолийдің өнері көптің жүрегінен орын тапты. Көрермендер де тілегін білдіріп, қошеметін аямады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА