Бүгін: 04.07.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» дәстүрлі қалалық байқауы өтті.

Онда 14-29 жас аралығындағы қатысушылар үш кезең бойынша өз бағын сынады.

Бірінші кезеңде ел тарихы мен ұлы тұлғаларды, кең-байтақ жазиралы дархан жердің сұлулығын толығымен қазақ тілінде сипаттаса, келесі кезеңде қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбаевтың өмірбаяны мен шығармашылығы жазылған мәтінді бірден орыс тіліне аударған. Үшінші кезеңде ұяшықта жасырылған ұлы тұлғалар жайлы ағылшын тілінде баяндаған.

Үміткерлердің қобалжуы басым болғанымен, білімін барынша көрсете білді. Әділ қазы алқасының мүшелері: Қарағанды облысының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Әсия Смыкова, «Bolashaq» академиясының аға оқытушысы Айтжан Дәулет, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ағылшын тілі оқытушысы Рауана Мусаева әр қатысушының өнерін жеке бағалап, араларынан ең мықтысын таңдап алды.

Шешім шығару оңайға соқпады. Соған қарамастан қатысушылардың еңбегі жоғары бағалана білді.

Қалалық тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырған, жастардың қырын аша түскен байқауда бас жүлдені  Ғалым Гүлім алды. Жастайынан тілге бейім ару үш тілден бөлек, корей және қырғыз тілдеріне де қызығады.

- Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Үш тілділіктің тұғыры бір көтерілді деп білемін. Жалпы, жастар жан-жақты болғаны дұрыс. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болсам да, өзім орыс, ағылшын тілдерін меңгергенді жақсы көремін. Бүгін, міне, өз білімімді бір сынадым. Байқау ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, - деп №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Ғалым Гүлім өз әсерімен бөлісті.

Қарағанды облысының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Әсия Смыкованың айтуы бойынша, «Тіл шебері» байқауының қалалық деңгейінің жеңімпазы  облыстық кезеңге жолдама алды. Одан сүрінбей өтіп жатса республикалық деңгейде өнер көрсетпек.

Сұрақтарға мүдірмей жауап берген Бекіш Іңкәр І орынмен, Жупенова Аружан ІІ орынмен,  Бустекбаева Забира ІІІ орынмен марапатталды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломнан бөлек қаржылай сертификаттар табысталды. Өз бағын сынаған қатысушыларға алғыс хаттар мен естелікке құнды сыйлықтар ұсынылды.

Тілші: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА