Тіл - мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Ұлттың тірегі. Халқымыздың рухани байлығы мен болашағы.
Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тіл болуы» деп айтып кеткен.
Тіпті жүрген ортамызда сөз арасына орысша араластырып, қосып айтатынымыз бар. Сондай әдеттерден тыйыла алмай келеміз. Ана тілінде сөйлей алмай, сынға ұшырап жатқан шенді – шекпенділер де аз емес.
Бүгінде көшеде ілініп тұрған жарнамалардың қатесіне мән бермейтін жағдайға жеттік. Оның аудармасы дұрыс па? Грамматикалық нормасы сақталған ба? Көңіл бөліп, қарап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, қоғамдағы тіл мәселесін шешу үшін барлығымыз бірдей атсалысуымыз қажет. Әр қазақ осы мәселені терең түсініп, жүрекпен сезінген жағдайда ғана, тіліміздің дәрежесі көтерілмек. Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - деп бекер айтпаса керек.
Тіл болмаса ұлтта болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілді білмесең, сен ұлттың баласы емессін. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің де болмайтыны өзі – ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді.
Қазақ тілі – бай тіл. Бір сөздің өзінде жоқ дегенде 7– 8 синонимі бар. Ұлт болып өшпей тұрғанда, ана тілімізге үлкен құрмет көрсетіп, қолда тұрған байлықты бағалауымыз керек. Біз сыйлаған тілді басқалар да сыйлайды.
Ж. Джумашева,
Саран қаласының ПБ