Қалалық мәдениет үйінде №6 жалпы білім беретін мектеп жанындағы «Мереке» жазғы лагерінің балалары «Алло, мы ищем таланты!» өнер додасына қатысты.
Оқушылар ырғақты әуенге флешмоб, «Қара жорға» биін де биледі. Сахнаны жандандырғаны соншалық жақсылығын асырып, кемшілігін жасырған көрерменнің өзі орындарынан тік тұрып, қоса билеп, қошеметін аямады. Ең бастысы көзді ерекше сүйсіндірген әсем нөмірлерден - достық пен бірлікті көрдік.
Биден бөлек, қолына домбырасын алып, күйден төккен, өлең жолдарынан шашу шашқан оқушылардың өнері де көңілден шыға білді. Әр нөмірді әділ қазы алқасы ерекше бағалады. Саран қаласы Мәдениет үйінің «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаева балаларға ізгі тілегін білдіріп, шара соңында арнайы грамоталармен марапаттады. Білім алушыларды дайындаған ұстаздардың еңбегі де еленді.
- Бізде 7 отряд бар. Олардың барлығы жазғы лагерьге барады. Біз бассейнге, кітапханаға барамыз. Барынша балалардың күнін қызықты әрі танымды етуге тырысамыз. Әр күніміз белгілі бір тақырып аясында өтеді,- деді лагердің тәлімгері Елена Мартынова.
«Мереке» жазғы лагері 2 маусымнан бастап, 13 маусымға дейін жұмыс істеді. Алдағы уақытта №6 жалпы білім беретін мектепте жазғы ойын алаңы ұйымдастырылмақ. Онда да балалар үшін қызықты бағдарламалар ұсынылады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА