«Жақсы адамның жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, соңғы жылдары Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының қызметкерлері елді мекендерді аралап, концерт беріп, бір жағынан қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысып, ел алғысына бөленіп жүр. Ұжым мүшелерінің кең жүрегі, жомарттылығы мен ақ пейілі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Себебі барлығы шын көңілден жасалынуда.
Адам баласына шынайы эмоция сыйлау оңай іс емес. Ал кішкентай балалардың көңілінен шығу екі есе қиын. Таяуда Ақтас мәдени-сауық орталығының қызметкерлері Қарағанды облысы білім басқармасының «Таңшолпан» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, балаларға естен кетпес, эмоцияға толы «Көңілді жаз» ойын бағдарламасын ұсынды. «Садақ ату», «Бәйге», «Теңбеу доп» атты ойындар ойнатылды. «Қозғал», «Теңіз бір рет алаңдайды» би ойындары көңілді одан сайын көтере түсті. Балалардың қуанғанын көріп, шаттығы мен сыңғыр күлкісін естіген өнер жанашырлары да қоса ойнап, тосын-сый ретінде дайындаған сыйлықтарын тарту етті.
- Біздегі мақсат - балаларға заттай көмек көрсету ғана емес, оларға мейірімділік, қуаныш сыйлау. 50-ден аса баланың мәре-сәре болып ойнап жүгіргенін көріп, шыны керек, өзіміз де шаттанып қайттық, - деді Ақтас кентінің мәдени сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева.
Шығармашылық ұжым қазыналы қарияларға да көңіл бөлуді ұмытпайды. Тазалық жұмыстарына да бір адамдай қатысады. Бұл жандар бірліктің арқасында шығармашылығын да дөңгелетіп, қайырымдылық жасауға уақыт тауып, үлкендердің ақ батасын алып, ел ризашылығына кенелуде.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА