Бүгінгі таңда біз күрделі әрі жаһандық сипат алған сын-қатермен – жастар арасындағы экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуымен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл құбылыстың алдын алу мен оған қарсы тұру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, баршамыздың ортақ міндетіміз.
Осы орайда, жастарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу – бұл күрестегі басты әрі тұрақты құралдардың бірі екенін ерекше атап өткім келеді. Себебі шынайы адамгершілік, имандылық және ұлттық сана арқылы тәрбиеленген жас – ешқашан шеттен келген жат идеологияның жетегінде кетпейді.
Біздің халқымызда «Тәрбие басы – тал бесік, түп қазығы - адамгершілік» деген мағынасы терең сөз бар. Қазіргі заманда бұл ұғым бұрынғыдан да өзекті. Рухани тұрғыда бай, ұлттық дәстүр мен діннің мәнін дұрыс түсінетін адам ешқашан агрессия мен жек көрушілікті насихаттайтын топтардың арбауына түспейді.
Жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуы, ең алдымен, отбасында басталады. Тәрбиенің алғашқы ұстазы – ата-ана. Жылы сөз, үлгі-өнеге, мейірімділік пен өзара құрмет – бұл рухани тәрбие негізінің бастауы.
Сонымен қатар қоғамдық ұйымдар мен жергілікті билік құрылымдары бірігіп, жастарға арналған мәдени-спорттық, білім беру жобаларын ұйымдастырып өткізуде. Бұның барлығы жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне бағытталған.
Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік шекарасыз десек артық айтқанымыз емес. Интернет пен әлеуметтік желілерде түрлі арандатушы, жалған діни уағыздар мен радикалды идеялар ашық таралуда. Сол себепті жастарды ақпаратты талдай білуге, фейк пен шындықты ажыратуға үйрету – аса маңызды міндет.
Бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру топтары белсенді жұмыс жүргізуде. Мектептер мен колледждерде дінтанушылармен, құқық қорғау мамандарымен кездесу сабақтары, семинарлар өткізіліп келеді. Әлеуметтік желілерде парақшалар ашылып, бейнероликтер, материалдар таратылуда.
Біз жастарымыздың болашағы үшін алаңдаймыз. Оларды рухани тұрғыдан кемел, ұлттық сана-сезімі жоғары, адами құндылықтарды қадірлейтін тұлға ретінде тәрбиелеу – бәріміздің ортақ парызымыз.
Теріс идеологияға қарсы ең мықты қару – рухани байлық пен адамгершілік қасиет. Осы құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіре білсек, елімізді небір қауіп-қатер айналып өтетініне сенімдімін.
Г. Ханафина,
«Саран қаласының
ішкі саясат бөлімі» ММ-нің бас маманы, қалалық ақпараттық-түсіндіру
тобының мүшесі