Саран қаласында «Бірлікпен гүлденген - Сарыарқа» атты 24 этномәдени қоғамдық бірлестіктің басын қосқан қала мен аудандарды аралап жүрген көшпелі көрме ел назарына ұсынылды. Көрме Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Бірлік пен татулықты дәріптеген, достық пен ынтымақты ту еткен шарада бірінші болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев өз сөзінде: «Біздің қаламызда 70-тен аса әртүрлі өзге ұлт өкілі тұрады. Бәрімізді біріктіретін бір шаңырақ – Қазақстан Республикасы,- дей келе барша жиналған қауымға зор денсаулық пен мол бақыт тіледі.
Келесі болып сөз алған Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Гүлнар Касембаева көшпелі көрменің өткізудегі мән-маңыздылығы мен мақсатын айқындады.
- Биыл, өздеріңіз білесіздер, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Әрине, оған арнайы өте көп шара өткізіп жатырмыз. Оның ішінде осы жылдың 1 мамыр жұлдызында біз «Бірлікпен гүлденген – Сарыарқа» көрмемізді облыс әкіміне көрсеткен болатынбыз. Облыс әкімі, осы көрмемен танысып, бізге тапсырма берді: «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығында осы көрмені бүкіл, қала, аудандарға көрсетіңіз» деп. Сондықтан біз осы көрмемен бүкіл біздің Сарыарқамызды аралап жүрміз. Кеше ғана біздің көрмемізді Балқаш қаласының тұрғындары тамашалады. Бүгін біз Саранға келіп отырмыз. Алда тағы қала, аудандарымыз бар, - деді Гүлнар Касембаева.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде еліміздегі татулықтың тірегіне, ынтымақтың ұйытқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей жобалары мен маңызды бағыттарын атап өтті. Бүгінде Ассамблея елдегі қайырымдылықты дамытуға, әлеуметтік сұрақтарды шешуге, тарихи деректердің сақталуына сүбелі үлес қосып келеді. Тұрақтылық пен орнықтылық жолында атқарып жүрген міндеті де ауқымды.
Шараға қатысқан «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев және «Грузинский общественно-культурный центр «Джорджия-2007» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Григорий Долидзе де жылы естеліктерімен бөлісіп, игі тілектерін арнады. Жетпіс жылдық тарихы бар, көптеген этнос өкілдерінің ыстық ұясына айналған Саран қаласымен байланысты естеліктерімен бөлісті. Қалалық мәдениет үйінің сахнасында күй атасы - Құрманғазының «Балбырауын» күйінен бастап, әсем әндер орындалды. Этномәдени бірлестіктің мүшелері өз өнерін паш етті.
Жалпы Қарағанды облысы бойынша алпыстан астам этномәдени бірлестік бар. Оның ішінде 24 этномәдени бірлестік облыстық мәртебеге ие немесе республикалық этномәдени бірлестіктердің филиалы болып табылады. Саран қаласы мәдениет үйінің екінші қабатындағы фойеде орналасқан көшпелі көрмеде осы 24 этномәдени бірлестіктің еңбегі мен шығармашылығы, ұлттық киімдері, тіпті тарихтан сыр шертетін атадан-балаға аманат етіп келе жатқан заттары, қолмен жасалған бұйымдары паш етілді. Шарадан шыққан соң, келушілер көрмені тамашалап, жақсы көңілмен тарқасты.
Тілші: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА