Бүгін: 29.06.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Екі жұлдыз» байқауы өтті.

Шығармашылық сайыста өнерге бір табан жақын әуесқой орындаушылар, мемлекеттік қызметкерлер мен  білім беру саласының өкілдері сахнада шыңдалған өнерлі жандармен жұптасып, дуэт орындады.

Ән додасында бірінші болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Алмас Омарханов Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбегі еленген жандарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. 

- Сіздерді  ҚР Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Мемлекеттік қызметші болу – үлкен еңбек, ерекше жауапкершілік және жоғары абырой...Осы мереке күні біз құрметті ардагерлерімізге, еліміздің мемлекеттік қызмет пен Саран қаласының  дамуына баға жетпес үлес қосқандардың барлығына ерекше алғыс айтамыз, - деді  қала әкімінің орынбасары Алмас Омарханов.

Биыл «Екі жұлдыз» байқауына 7 жұп қатысып, өзіне тән ерекшелігімен көрерменді тәнті етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлене білді.  Сайыскерлер екі кезеңге сақадай сай дайындалып, әр нөмірді басынан- аяғына дейін ойластырған.

Бірінші кезеңде қазақ эстрадасында танымал әндер шырқалса, екінші кезеңде 1970-1990 жылдары аралығындағы ретро стильдегі немесе белгілі бір кинофильмнен алынған әндер орындалды.

Қатысушылардың дауыс үйлесімі, вокал техникасы мен сахнада өзін-өзі ұстауы – осының барлығын да әділ қазы алқасы ескере отырып, жеңімпаз жұпты анықтаған.

- Құрметті қонақтар, Саран қаласының тұрғындары біріншіден бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметшілер және біздің Полициямызды мерекелерімен құттықтаймын. Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман болсын. Әрқашанда осындай жақсы көңіл-күйде мерекелерімізді қарсы ала берейік, - деді қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов.

Қазы алқасында болған Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева өз сөзінде, жұптардың ішінен ең дарасын табу оңайға соқпағанын айта отырып, әр жұптың ішінен бұрын-соңды көрмеген жасырын таланттарын байқағанын, есте қалған айшықты сәттерді атап өтті. 

Нәтижесінде көпшіліктің ортақ шешімімен 2025 жылы ұйымдастырылған «Екі жұлдыз» байқауында бас жүлдені Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев пен «Амадеус» би ансамблінің жетекшісі Наталья Кан жеңіп алды.

- Мен «Екі жұлдыз» байқауына бірінші рет қатыстым. Бауқаудан зор әсер алдым. Көрермендердің, қолдаушыларымыздың қолдауына көп рақмет. Мен  Жанбол Қарымсақұлымен бірге ән айтатынымды естігенде, қуанып кеттім. Біз бір апта уақыт бойы дайындалып жүрдік. Тіпті, бейнебаян түсіруге үлгердік. Қолбалжу болмады емес, әрине болды. Бас жүлдеге ие болғанымызға өте қуаныштымыз,- деп әсерімен бөлісті  «Амадеус» би ансамблінің жетекшісі Наталья Кан.

Ал Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова мен Мәдениет үйінің халық үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі  Ирина Борзых 1-орынға, Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  басшысы  Айдын Мұхтар  мен Мәдениет үйі директорының орынбасары Жұлдыз Меней 2-орынға, Саран қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Евгения Чиркова мен Мәдениет үйінің директоры, сахна шебері Абай Баян және Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айжан Мұсабекова мен Саран қаласының жастар ісі жөніндегі инспекторы Диас Төлеуханов 3-орынға ие болды.

Жүлделі орындардың иегерлеріне диплом мен қаржылай сертификаттар табысталды.  Сондай-ақ, сахнада өнер көрсеткен жұптар «Сахна шеберлері», «Әдемі жұп», «Үздік вокал», «Көрермен көзайымы», «Талантты жұп», «Стильді жұп», «Өнерлі жұп» номинациялары бойынша марапатталды.

Арнайы осы байқау үшін Теміртаулық талантты жүргізуші, өнерлі Ерқанат Меней қалалық мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірге кештің қызықты өтуіне атсалысты. Көрермен қауым оның орындауында танымал әндерді тыңдап қана қоймай, ширату ойындарына қатысып, қолдауын көрсетіп, көңілді отырды.

Тілші: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА