Қалалық балалар өнер мектебінің оқушылары мен ұстаздары Қырғызстан мемлекетінде өткен «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық фестиваль-байқаудан жеңіспен оралды.
Ұлттық домбыра күні мен Астана күні қарсаңында балалар өнер мектебінің оқытушылары шәкірттерінің қол жеткізген жетістігімен бөлісіп, жарқын жаңалығымен бөлісті.
23-28 маусым аралығында Ыстықкөл көлінің жағасында «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық байқау-фестивалі өтті. Оған жан-жақтан сегіз қырлы-бір сырлы, бесаспап жандар жиналып, өнер арқылы достықты, бірлік пен мәдениеттілікті дәріптеген. Жан тебірентер нөмірлерімен жүректі елжіретті. Олардың қатарында қалалық балалар өнер мектебінің оқытушысы Гүлмира Абжатова жетекшілік ететін «Шабыт» домбырашылар ансамблі қатысып, бас жүлдеге ие болды. Фестиваль-байқауда бірінші рет бағын сынап көрген қалалық балалар өнер мектебінің оқытушысы Қабиден Абжатов жетекшілік ететін «Жігер» домбырашылар ансамблі де жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады.
- «Шабыт» домбырашылар ансамблінің дайындығы жоғары болды. Себебі олар үш жылда бір болатын «Жас музыканттар» облыстық байқауына қатысып, одан екінші орын алған. Осы халықаралық байқауға да жеке дайындалып, жаңа репертуарымызды ұсындық. Сахнада бірінші рет Біржан салдың «Көкшоқы толғауын» орындадық. Ал «Жігер» домбырашылар ансамблі Дәулеткерейдің «Көңілді би» күйін тартты. Байқаудан бәрінен, шәкірттеріміз мол әсер алды. Петропавл, Ақтөбе, Тараз және т.б. қалалардан мықты домбырашылар қатысты. Жалпы, бұл байқау түрлі жанрларды қамтыды, - деді Гүлмира Абжатова.
Иә, шынымен, «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық фестиваль-байқауы «Вокал өнері», «Хореографиялық өнер», «Аспаптық өнер», «Түпнұсқа жанр», «Көркем сөз», «Актерлік шеберлік/сән», «Өнер және қолданбалы өнер» сынды номинацияларға бөлінген. Құлақтың құрышын қандыратын түрлі композициялар ойналды. Балалар өнер мектебінің оқытушысы Зауреш Кожухованың шәкірті Арина Борисованың фортепианода ойнау шеберлігі де көпті тәнті етіп, бас жүлдемен марапатталды. Тағы бір жарқын жеңістердің бірі - балалар өнер мектебінің оқытушысы Виктория Аханованың шәкірті Ясина Сағатова да бас жүлдеге ие болды. Оның флейтада ойнаған әсем нөмірі көрерменнің қомешетіне бөленді.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген осы шығар. Білікті оқытушылардан білім алып, өнерін шыңдап жүрген шәкірттердің жеңістері көп болсын. Ұстаздардың еңбегі ақтала берсін!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА