Бүгін: 09.07.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі мен бүкіл бітім-болмысы. Күй атасы – Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгісі, ұлтымыздың символы.

«Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда?» демекші, әрбір қазақ баласына сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні ыстық.

Қазақ күйі адам жанын тебіренте тұрып, жарасын емдейді. Бойды керемет сезімге бөлеп, жүректі тыныштандырады, терең ой салады. Қанша ғасыр өтсе де, өзінің құдіреттілігін жоғалтпаған. Жоғалтпайда да, себебі, жас ұрпақ ата-баба мұрасын қастерлеп, құрметпен қарайды.

Ұлттық домбыра күні қарсаңында қаламызда қолынан домбырасы түспеген, биыл «Жас музыканттар» фестиваль-конкурсының облыстық кезеңінен бас жүлде мен 1-орынға ие болған, республикалық деңгейге өткен қалалық балалар өнер мектебінің шәкірттерін, жас домбырашыларды атап өткіміз келеді.

Облыстық кезеңге 380-нен артық оқушы қатысып, оның ішінен ең дарындылары іріктелінген. Олардың қатарында  кіші топ арасында балалар өнер мектебінің оқытушысы Шаймұрат Сәлдеттің шәкірттері Нұртазин Марлен мен Абдуалиев Нұршат 1-орынға ие болды.

- Биыл байқаудың кіші тобында болған шәкірттерім Нұртазин Марлен мен Абдуалиев Нұршат  Қарағанды облысы бойынша ең үздік деген балалардың ішінен екеуі қатарынан 1-орын алғандарына қуаныштымын. Бұл бір емес, екі жылдан артық еңбектің жемісі. Себебі бұл байқаудың өзіндік деңгейі жоғары. «Домбырашылардың олимпиадасы» деп айтсақ болады. Онда қатысушыларға қойылатын талап та жоғары, - деп атап өтті Шаймұрат Сәлдет.

Ал орта топ арасында балалар өнер мектебінің директоры Толқын  Мусалиеваның  шәкірті  Рахман-Али Акимжанов топ жарды.

- Республикалық «Жас музыканттар» байқауы үш жылда бір келеді. Бұл өте кәсіби, жоғары конкурс. Осы конкурсқа біздің мектептің домбырашылары, гитарашылары, ансабльдері қатысты.  Орта топта менің оқушым бас жүлдені жеңіп алды. Рахман-Али бағдарламаның талаптарына сәйкес үш шығарма орындады. Концертмейстердің сүйемелдеуімен Ермұрат Үсеновтің «Түркі әлемі» шығармашасын дайындасақ, шерпе күйден Қаршыға Ахмедияровтың «Жібек Жетісу» күйін, төкпе күйде Қазанғаптың «Домалатпай Ақжелең» күйін орындады,- деп атап өтті Толқын Сүйіндікқызы.

Рахман-Али – 6 жасынан бастап домбыра сыныбына қатысып келеді. Оның әрбір жеңісі, әр үйренген күйі аяулы анасына арналған. Өзі айтпақшы: «Менің ең сүйікті тыңдаушым –  анам».

- Ең бірінші Аллаға, содан баламның мұғалімдеріне алғыс айтамын. Негізі балалар өнер мектебінің оқытушылары өте мықты. Оның ішінде Күлаш Құралқызы, Амангүл Әбілханқызы, Агнесса Юрьевна, Сәуле Төлегенқызы, Виктор Викторович, баламның домбырадан жетекшісі Толқын Сүйіндікқызына өте ризамын. Толқын Сүйіндікқызының бүкіл махаббатына, жұмсақтығына, кейде қаталдығына да ризамын. Балам «Менің мұғалімім» деп отырады. Баламның өзіне ұнайды. Жалпы «Жас музыканттар» байқауына балам осыдан үш жыл бұрын да қатысып, бағын сынап көрген. Әрдайым жүлделі орындарға ие болып, бізді қуантып келеді,- деп Рахман-Алидің анасы Багдат ханым білікті оқытушыларға алғысын білдірді.

Халқымызда «Ұстаздан шәкірт озар» деген сөз бар. Ұстаз шәкіртін түсіне білгенде, талантын ашқан жағдайда ғана шәкірт сөзсіз ұстазының үмітін ақтайды. Олардың әр жеңісі ұстазға шабыт сыйлайды.

Сондай-ақ, тағы бір жарқын жүлделердің бірі – жоғарыда аталған байқауда ересектер тобында Ислам Жұмағалиев жақсы өнер көрсетіп, 2-орынға ие болды.

- Ислам – менің өнерлі оқушыларымның бірі. 40 жыл уақыт аралығында алдымнан қаншама талантты оқушылар өтті. Соның ішінде Исламның алар орны бөлек. Ол тек қана домбырада ғана емес, 9-сыныпты да үздік аттестатпен бітірген. «Бұлақ көрсең, көзің аш» демекші, Исламның талабы, өнерге деген қызығушылығы, оның табиғи дарындығы өте керемет. Мектеп қабырғасында жүргеннен бері «Жас музыканттар» байқауына осымен үшінші рет қатысты. Оған дейін «Кіші», «Орта» топтарда өнер көрсеткен. Міне «Ересектер» тобында да бағы жанғанына қуаныштымын. Өзі әрдайым рақметін айтып жүретін, сондай тәрбиелі оқушым. Қалалық, облыстық конкурстардан жүлделі орындар алған.  Одан бөлек, биыл 4-8 маусым аралығында Түркістан қаласында «Түркістан дарындылары» халықаралық конкурсқа қатысып, менің жетекшілігіммен «Жігер» қазақ халық фольклорлық ансамблі бас жүлдені ұтып алған. Оған Ислам да қатысты. Балаларымның әр жеңісіне шын жүректен қуанамын. Олардың жолы ашық, мерейі үстем болуын тілеймін, - деп ізгі лебізін білдірді балалар өнер мектебінің оқытушысы Күлаш Құралқызы.

Топта бір ырғақта ойнау оңай емес. Балалар өнер мектебінің оқытушысы Гүлмира Абжатованың жетекшілігімен «Шабыт» домбырашылар ансамблі де өзге ансамбльдерден ерекшеленіп 2-орынмен марапатталды.

- Біз бұл байқауда әр түрлі жанрларды көрсеткіміз келді және бұл қолымыздан келді деп ойлаймын. Себебі әділ қазы алқасы ансамбльдің аспапта ойнау шеберлігін атап өтті. Оқушы Ақат Зият кахон аспабымен ойнап, ансамбльмен бірге Т. Жахиннің «Дала рухы»  күйін орындап берді, - деді балалар өнер мектебінің оқытушысы Г. Абжатова.

Екі шекті домбыраның үнімен халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары ұрпақтан-ұрпаққа жетуде. Бұл жолда аянбай еңбек етіп жүрген балалар өнер мектебінің оқытушылары өскелең ұрпаққа күйшілік өнерді  үйретіп қана қоймай, атақты күйшілер туралы мағлұмат беріп, музыка өнерін сүюге, қадірлеуге тәрбиелеп, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттырып келеді. Көмейінен күмбірлі күй төгілген қасиетті қазақ аспабының әуені бейбіт аспанымызда әуелей берсін!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА