Астана күніне орай Саранда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды.
3 шілде күні қалалық мәдениет үйінде ұлттық байқаудың қалалық кезеңі өтті. Оған 5 жанұя қатысып, өздерінің ұйымшылдығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленді.
Республикалық, облыстық және қалалық кезеңнен тұратын «Мерейлі отбасы» бауқауы отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған. Сол себепті комиссия мүшелері қатысушылар ұсынған мәліметті, қол жеткізген жетістіктерді ескере отырып, отбасылық құндылықтарға баса назар аударды.
Салтанатты шарада лауреаттарды марапаттау үшін сахна төріне бірінші болып Саран қалалық мәслихатының депутаты, комиссия мүшесі Жанбол Жаяубаев шақырылып, «Бақытты отбасы» номинациясымен Жорахан жанұясын марапаттады.
Үйдің отағасы Жорахан Шыңғысхан Бабаханұлы 44803 әскери бөлімінде қызмет атқарады, ал оның асыл жары Назерке Ерденова халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді.
Келесі «Өнегелі отбасы» номинациясымен жеке кәсіпкер Людмила Ваймер Балмағанбетовтер әулетін құттықтады. Көпбалалы жанұя қаламызда «FAMILY FOOD» тез тағамдар желісін дөңгелетіп жүрген жеке кәсіпкерлер.
Үшінші орын жүлдесін қалалық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова Тлеубековтер отбасына табыстады.
Жанұяның отағасы Ринат Тлеубеков - Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы, ал аяулы жары Лаура Канашева білім саласында жұмыс істейді. Қазіргі таңда декреттік демалыста.
- «Мерейлі отбасыға» осымен екінші рет қатысып отырмыз. Алдыңғы жылы да қатысқанбыз. Сонда «Білімді отбасы» номинациясына ие болдық. Ол кезде кішкентай баламыз енді ғана дүниеге келген. Қазір ол үшке келді, үлкен ұлым - 5 жаста. Былтыр жұмыс бабымен өткізіп алсақ, биыл бағымызды тағы бір сынап келіп қалдық, - деді үйдің отағасы Ринат Тлеубеков.
Екінші орынмен Саран қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, денсаулық сақтау саласының ардагері, Саран қаласының құрметті азаматы Болат Аброев Хасеновтар жанұясын құттықтады.
Алтынбек Хасенов «Пиксель» жеке кәсіпкерлігінде құрылтайшы болып жұмыс істейді. Әйелі Айдана Рысбаева - ошақ сақтаушысы, отбасының ұйытқысы.
«Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев марапаттады.
- «Мерейлі отбасы» - бұл «Ұлттық брендке» айналған отбасылық байқау. Халқымызда «Отан - отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Бүгінгі іс-шара осыған дәлел,- деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев.
Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен 1-орын Ключниковтар жанұясына берілді.
Ключниковтар жанұясының отағасы Константин Григорьевич «Тентекская» шахтасында жұмыс істейді. Анастасия Ключникова қалалық ауруханада қызмет етеді. Үш баланың ата-анасы.
- Байқауға бірінші рет қатыстық. Әлбетте, өте қатты қобалжыдық. Себебі барлығын лайықты түрде жасағымыз келді. Әр жанұяға бақыт пен шаттық тілейміз. Қаламыз өркендей берсін!,- деп ізгі тілегін білдірді Константин Григорьевич.
Жүлделі орындарға ие болғандар арнайы дипломмен және қаржылай сертификатпен марапатталды. Номинация иегерлеріне естелік сыйлықтар табыс етілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА