30 маусым күні Ақтас мәдени-сауық орталығының «Ақ шаңырақ-2012» қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жаңғырту жөніндегі қоғамдық этномәдени бірлестігі ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Әнді сүйсең, менше сүй» байқауының жеңімпазы атанды.
Абай шығармаларын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, дәстүрлі ән жырларды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде онлайн түрде іріктеу өтсе, екінші кезең марапаттарды табыстауға арналған.
- Байқауға облыс бойынша 10 аудан қатысып, оның 5-і марапатталған. Әділ қазылар алқасы жеңімпаздарды дауыс беру арқылы анықтап, қатысушылардың өнерін бағалау кезінде әнді орындау шеберлігін, сахналық мәдениетін, ұлттық киім үлгісі мен көркемдік безендірулерін ескерген, - деп атап өтті Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Қульджабаева.
«Ақ шаңырақ» этномәдени бірлестіктің жетекшісі Света Супьянованың айтуы бойынша, олар былтыр да бұл байқауға қатысып, жеңімпаз атанған.
- Біз жылда Абайдың туған күніне орай іс-шаралар өткіземіз. Биыл, білесіздер, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Осы жолы байқауға «Көзімнің қарасы» әнін фольклорлық ансамбльмен дайындадық. Еңбегіміздің ақталғанына өте қуаныштымыз, - деп өз әсерімен бөлісті «Ақ шаңырақ-2012» қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жаңғырту жөніндегі қоғамдық этномәдениет бірлестігінің жетекшісі Света Супьянова.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА